Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына арналған сөзі тек ағаш отырғызу мен елді мекендерді көркейту мәселесімен шектелмейді. Мемлекет басшысы тазалықты адамның мәдениетімен, мемлекеттік басқарудың сапасымен және қоғамның даму деңгейімен байланыстырды. Қала мен ауылдың тазалығы әр адамның жауапкершілігінен басталады. Сонымен бірге ол мемлекеттік органдардың жүйелі әрі адал жұмысын талап етеді.
Президенттің «Таза Қазақстан» уақытша науқан емес, халқымыздың саналы таңдауы және өркениетті ел болуға бастайтын жол деген ойы ерекше маңызды. Табиғатты аялау, айналадағы адамдарды құрметтеу, заңды сақтау және ортақ мүлікке жанашырлықпен қарау күнделікті әдетке айналуға тиіс. Экологиялық шараларға жеті миллион адамның қатысуы халықтың бұл бастаманы ортақ іс ретінде қабылдап, қолдап отырғанын көрсетеді.
Жобаның келесі маңызды қадамы - Президент ұсынған ұлттық тазалық стандартын әзірлеу. Ол көшелердің, аулалардың, саябақтардың, жолдар мен қоғамдық орындардың жағдайына, көгалдандыруға және коммуналдық қызметтердің жұмысына қойылатын ортақ талаптарды белгілеуі керек. Нақты көрсеткіштер, орындалу мерзімі және жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі айқындалуға тиіс. Халық өткізілген акциялардың санын ғана емес, олардың нақты әрі ұзақ мерзімді нәтижесін көруі қажет.
Бөріхан Нұрмұхамедов,
Құрылтай депутаты