Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, қазіргі уақытта волонтерлік қызметке жастардың қызығушылығы жоғары, деп хабарлайды astana-aqshamy.kz.

-Волонтер боламын деген жастардың мақсаты әртүрлі, мысалы, жаңа дос табу, оқуға түсу үшін портфолиосын жаңарту, тәжірибе жинау, түрлі деңгейдегі іс-шараға қатысу мүмкіндігі дегендей. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы құрылған сәттен бастап негізгі бағыттың бірі – волонтерлік қызметті дамыту және жастар арасында әлеуметтік белсенділік мәдениетін қалыптастыру. 2014 жылдан бастап Волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімі волонтерлік қызметті дамыту және насихаттау, жастар арасынан волонтерлерді тарту және оқыту, сондай-ақ волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарға әкімшілік және ресурстық қолдау көрсету жұмыстарын жүргізіп келеді. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының базасында 2020 жылғы 6 қаңтардан бастап «Волонтер жылы – 2020» аясында Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Сонымен қатар штабтың қызметі 2024–2026 жылдарға арналған Волонтерлікті дамытудың жол картасын іске асыруға бағытталған. Штабтың негізгі мақсаты – волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстардың басын біріктіру, оларға ақпараттық және ресурстық қолдау көрсету, қаладағы волонтерлік іс-шараларды есепке алу, ортақ күш-жігерді біріктіру және дербес волонтерлік қозғалыстардың санын арттыру. Қазіргі таңда тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласындағы 4 ҮЕҰ-мен, сондай-ақ елорданың кәсіпорындары мен меценаттарымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Штаб құрамында 9 мыңнан астам белсенді волонтер бар. Волонтерлер «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Адреса заботы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem», «StopVandal», «Марафон добрых дел», «TazaQazaqstan», «Есірткісіз қала» сияқты әлеуметтік жобалар мен акцияларға белсенді қатысады. Сонымен қатар волонтерлер республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға аудармашы, ұйымдастырушы, үйлестіруші және тимлидер ретінде қатысады. Жыл сайын олар халықаралық және республикалық деңгейдегі шамамен 150 іс-шараға атсалысады. Олардың қатарында Азия дзюдо чемпионаты, «ЭКСПО-2017», Азия ойындары, ЕҚЫҰ саммиті, ШЫҰ саммиті, Рим Папасының сапары, «Eurasian Book Fair» және басқа да ірі халықаралық іс-шаралар бар,- дейді Шыңғыс Тілеулин.