Шетелге шығуды уақытша шектеу: нені білу маңызды?

Шетелге шығуды уақытша шектеу: нені білу маңызды?
фото: kgd.gov.kz

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының Салық кодексінде көзделген салық міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудің жаңа шарасы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгенін еске салады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жаңа норма ірі көлемде салық берешегі бар заңды тұлғалардың бірінші басшыларына, заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, жеке кәсіпкерлерге және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға Қазақстан Республикасынан шығу құқығын уақытша шектеуді қарастырады.

Бұл шара келесі шарттар кезінде қолданылуы мүмкін:

- салық берешегінің сомасы 27 000 АЕК-тен (2026 жылы — 116 775 000 теңге) асады;

- берешек үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген.

Шетелге шығуды уақытша шектеу тек сот және азаматтық процестік заңнамада белгіленген тәртіппен санкциялаған мемлекеттік кірістер органдарының қаулысы негізінде ғана қолданылады.

Шектеу салық берешегі толық өтелгеннен, оның жоқтығы расталғаннан немесе салық міндеттемесі заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылғаннан кейін алынып тастауға жатады.

Бұл норманы енгізу салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, салық міндеттемелерінің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге және ірі салық берешегін өтеуден бас тартудың алдын алуға бағытталған.

Астана қаласы бойынша МКД мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын болдырмау, бизнесті дамыту мүмкіндігін сақтау және жеке сапарларға еш кедергісіз шығу үшін салық төлеушілерді салық міндеттемелерін уақтылы әрі толық көлемде орындауға шақырады.

Толығырақ ақпарат - 1414 нөміріне немесе @astana_mkd_dgd_astana Instagram парақшасы бойынша ала аласыз