Шеберлер сайлауға бірге келді

Шеберлер сайлауға бірге келді
фото: Қалиакбар Үсемханұлы

Астанадағы №199 сайлау учаскесіне «Шеберлер» альянсының мүшелері ұйымшылдықпен бірге келіп, Құрылтай сайлауында өз таңдауларын жасады. Қолөнерді серік еткен шеберлер бұл күннің маңызын ерекше атап өтті.

2018 жылдан бері өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан альянсты Рауза Жәкеқызы басқарады. Бүгінде ұйымның құрамында 150-ден астам мүше бар. Олардың қатарында ұлттық қолөнердің сан алуан түрін дамытып, атадан балаға жеткен өнерді жаңғыртып жүрген ісмерлер көп.

Альянс жетекшісі Рауза Жәкеқызының айтуынша, еліміз қазір маңызды әрі жауапты кезеңді бастан өткеріп отыр. Сондықтан осындай тарихи сәтте сайлауға қатысып, елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасау – әр азаматтың жауапкершілігі.

«Еліміз үшін үлкен бетбұрыс кезеңінде тұрмыз. Осындай маңызды уақытта Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауымызды жасау – азаматтық міндетіміз. Біз елдің болашағына бейжай қарамаймыз», – дейді Рауза Жәкеқызы.

Шеберлер елімізде ұлттық қолөнерге соңғы жылдары көрсетіліп келе жатқан қолдаудың маңызын да атап өтті. Олардың пікірінше, қолөнерді дамыту – ұлттық мәдениетті сақтаумен қатар, шығармашылық кәсіпті дамытуға, шеберлердің еңбегін дәріптеуге мүмкіндік береді.