Сәдібек  Түгел: Астананың абыройы – мемлекетіміздің абыройы!

Сәдібек  Түгел: Астананың абыройы – мемлекетіміздің абыройы!

«Алғашқы  астаналықтар»  бірлестігінің  төрағасы,  Астана  қаласының  тұңғыш  баспасөз  хатшысы Сәдібек Түгел елордалықтарды қала күнімен құттықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Біздер, алғашқы астаналықтар cіздермен бірге жаңа елордамыз – Астана қаласының іргетасын қалауға және оның қарқынды дамып, өсіп-өрлеуіне атсалысқанымызды әрқашан мақтан тұтамыз. Шын мәнінде XX және XXI ғасырлар тоғысында туған еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде өте сирек кездесетін тарихи оқиға орын алды. Ол – қазақтың кең жазира даласы Сарыарқаның нақ төсінде теңдесі жоқ, таңғажайып жаңа шаһар - Астана қаласының салынуы. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады. Астана – дүние жүзіндегі ең сәулетті қалалардың біріне, қазақстандықтардың басты мақтанышына айналды. Ол – ең алдымен дана халқымыздың ерлігі әрі көрегендігі, сонымен қатар алғашқы астаналықтардың маңызы ерекше  бастамасы және мәні жоғары әлемдік жобасы.

Астаналық тұрғын болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені, шетелдіктер Астанаға қарап елімізді таниды. Астананың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек бастаған шахар  басшылығы білікті де нәтижелі жұмыстар атқарып, қаланы таза ұстап, жарқыратып, жайнатып келеді. Оған біздер күнде куә болып, Астанаға ерекше үлес қосып келе жатқан азаматтарға зор алғыс білдіреміз. Аз да болса, азығы мол, жемісі көп 29 жылдың ішінде Астана беделі мен қуаты асқан, жаһандық дамуға өз үлесін қосқан жасампаз қалаға айналды.

Осы орайда айтарымыз, қаланың таза, көркем, әсем болуы сол қалада тұратын әрбір тұрғынға тікелей байланысты. Заманында халқымыздың ғұлама перзенті Әл-Фараби былай деген: «Адам сияқты шаһардың да тамырын жалғаған қаны, бойына біткен жаны болады. Тек оның тәнін тірі қылатын да, шаруасын ірі қылатын да – шаһар халқы». Біздің айтарымыз күн сайын көркейіп, өсіп, өркендеп келе жатқан Астананың дамуына әрқайсымыз өз үлесімізді аямай қосайық. Ең алдымен, қала басшылығының қарқынды жұмыстарына қолдау көрсетіп, Астананың тазалығына атсалысып, «астаналық» деген жоғары атаққа нұқсан келтірмеу керек.

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаевтың «Таза   Қазақстан» атты республикалық маңызы зор акциясының аясында     өткізілініп жатқан сенбіліктер мен шаһарды  кір-қоқыстан  тазартуға арналған     жұмыстарға белсене қатысуға  шақырамыз. Аталарымыз  «Жұмыла  көтерген  жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Бәріміз бір кісідей  жұмылып  өз үйлеріміздің,  жұмыс   істейтін   ғимараттардың  айналасын және аулаларды қоқыстардан  тазартсақ өте дұрыс болар еді. Сонымен қатар астаналықтар елордада өткізіліп жатқан мәдени іс-шараларға тікелей қатысып, оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына себепкер боларына сенім білдіреміз. Бір сөзбен түйіндесек, сүйікті қаламыз Астананың өркендеуіне жұмыла атсалысайық. Астананың абыройы – мемлекетіміздің абыройы! Мемлекеттік мереке - ­ Астана күні құтты болсын! Бақ қонып, ырыс дарыған Астана қаласы өсіп-өрлеп, қарыштап  дами  берсін! – дейді Сәдібек Түгел құттықтауында.