Құрылысшыларға профилактикалық дәріс өткізді

Құрылысшыларға профилактикалық дәріс өткізді
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және "Астана-есірткісіз қала" нарративі аясында елордада полиция басқармасы мен прокуратура және Алматы ауданы әкімдігі өкілдері құрылыс саласының мамандарына профилактикалық дәріс өткізді. Жиында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі заттарының заңсыз айналымы мен қолданылуы, оның салдары туралы сөз болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Атап айтқанда, Sensata Group компаниясының жұмысшыларымен кездескен Алматы ауданы прокуратурасының өкілдері оларға «Нашақорлыққа жол жоқ» деген тақырыпта бейнеролик көрсетті. Іс-шараға кәсіпорынның 50-ге жуық қызметкері қатысты. Қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кездесу барысында қатысушыларға есірткі құралдарын қолданудың зияны, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі туралы айтылды.

-Нашақорлық қазіргі қоғамның ең үлкен қауіптерінің бірі болып қала береді. Есірткінің таралуына қарсы күрес әр азаматтың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Заңды сақтау, салауатты өмір салтын ұстану, болашағыңызға жауапкершілікпен қарау және қоғамымыздың қауіпсіздігіне әсер ететін мәселелерге бей-жай қарамау маңызды. Бұл құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға көмектесетін профилактикалық жұмыс және ашық диалог, - деді Алматы ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.

       Дәрістің жеке блогы балалардың терезеден құлап кетуіне және алаяқтыққа жол бермеу мәселелеріне арналды. Прокуратура өкілдері құрылыс саласының қызметкерлеріне тұрмыста қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салып, бұл мәселеде сергек болуға, телефон және интернет-алаяқтардың айла-амалдарына берілмеуге шақырды.

  

   -Елімізде күн сайын балалардың терезеден құлау жағдайлары орын алуда. Әр жолы ата-аналар: "Біз бірнеше минутқа қана басқа жаққа алаңдап кетіп едік" дейді. Бірақ дәл осы бірнеше минуттың өзі баланың құлап кетуіне жеткілікті. Москит торы баланың салмағын ешқашан көтермейді. Үйге келген соң терезелерді ашатын шектеулер орнатылғанын тексеруді, терезелер алдынан жиһазды алып тастауды, кішкентай балаларды терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмауды және балаларға терезенің неге қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіруді сұраймын, - деді Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ботагөз Секенова.

        Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Олжас Жарқынбек  қатысушыларды бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде барынша сақ болуға шақырды.

-Бүгінде алаяқтар азаматтардың ақшасын иемдену үшін заманауи технологиялар мен психологиялық әдістерді қолданады. Растау кодтарын, банк карталарының деректемелерін және дербес деректерді бөгде адамдарға бермеңіз, ал күмән туындаған кезде әңгімені дереу тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз, - деді ол.

       Алматы ауданы әкімінің аппараты қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және аудан тұрғындары арасында заңға бағынатын мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру мақсатында құқық қорғау органдарымен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу іс-шараларын жүргізуді жалғастырады.