Елімізде осы жылы 1 шілдеде ҚР жаңа Конституциясы күшіне енді. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес биыл 23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны өтеді. Бүгінде сайлауға түсу үшін еліміздегі 7 саяси партия тіркелді. 23 шілде күні кешкі сағат 18:00-де үгіт-насихат кезеңі басталады. Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанды өткізуге арналған күнтізбелік жоспарды бекітіп, соған сәйкес жұмыс жүргізуде. Сол жұмыстың елордада қалай атқарылып жатқаны туралы Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай ЖҰМАБЕКОВ баяндады.
– Қазіргі таңда елордада 1 млн 600 мыңнан астам адам тұрады. Қала халқы жылына 70-80 мыңға дейін артып, қарқынды дамып келеді. Соған сәйкес сайлау науқанына дайындық жұмысы да өзгерді ме?
– Бүгінгі таңда Астана қаласында миллионнан астам азамат дауыс беруге құқылы. «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері мен сайттарында, әкімдік пен мәслихаттың интернет-ресурсында қаланың аумақтық сайлау комиссияларының құрамы, сайлау учаскелерінің шекаралары туралы ақпараттар жарияланды. Астана қаласы бойынша 300-ден астам баннер ілінді. Ақпараттар аудио және бейне материал түрінде әуежай, вокзал, LRT мен жергілікті автобустарда таратылуда. Дауыс беру күні 520 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 403-і – азаматтарды тіркеу орны бойынша ашық учаскелер, ал 117-сі – уақытша учаскелер. Қала бойынша 35 жабық учаске бар, олардың 28-і медицина мекемелерінде, 3-еуі тергеу изоляторларында, 3-еуі әскери бөлімдер мен Қарттар үйінде орналасқан.
– Жалпы бұл науқанға азаматтар қалай қатыса алады?
– Сайлауға қатысу үшін азаматтар тізімде бар екеніне көз жеткізуі керек, ол үшін осы айдың соңына дейін жергілікті атқарушы органға, яғни әкімдікке хабарласып, тізімді тексертеді. Бұл мәселелерді дауыс беру күні емес, алдын ала шешкен дұрыс. Тізімді әкімдік электрондық және қағаз түрінде ресми акт бойынша 2 тамызда учаскелік сайлау комиссиясына береді. Тізімдерді учаскелік комиссияларға бергеннен кейін, әрбір азамат өз дерегін тікелей өз учаскесінде тексеруіне болады. Қандай да бір себептермен фамилиясын өзгерткен немесе басқа фамилияға өтсе, соны ауыстыруына мүмкіндігі бар. Тағы бір маңызды мәселе – Астана қаласының ішінде есептен шығару куәлігі берілмейді. Елорда – бір әкімшілік-аумақтық бірлік, сондықтан қаланың бір ауданынан екіншісіне қайта ресімдеу заңнамада көзделмеген. Сонымен қатар сырттай куәліктердің телнұсқасы берілмейді. Сондықтан бұл құжатқа мүмкіндігінше мұқият қарау керек. Бұл туралы сайлау комиссиясы БАҚ-та, теледидарда және баспа басылымдарында үнемі хабарлап отыр.
– Шетелдерде сайлау комиссиялары қалай жұмыс істейді?
– Шетелдерде 82 сайлау учаскесі ашылады. Бұл ретте жекелеген шешімдер халықаралық жағдайды және Сыртқы істер министрлігінің ұсынымын ескере отырып қабылданады. Қажет болған жағдайда, кейбір шетелдік учаскелер бойынша қосымша шешімдер қабылдануы мүмкін. Биыл Сыртқы істер министрлігінің шешімімен сайлауда Иран, Эфиопия және Украинада учаскелік комиссия ашылмайды.
– Дауыс беру барысын кім қадағалайды?
– Сайлауға саяси партиялар қатысады, олардың әрқайсысы сенім білдірген адамдар мен бақылаушыларды жіберуге құқылы. Қоғамдық ұйымдардың өкілдерін тіркеу жалғасуда. Сонымен қатар халықаралық бақылаушылар аккредиттелген және бұл процесс жалғасуда. Орталық сайлау комиссиясы бүгінге дейін 86 халықаралық бақылаушы тілек білдіріп, аккредитация алғанын ресми түрде жариялады. Біз үшін сайлау процесінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Халықаралық миссиялармен өзара ынтымақтастыққа көп көңіл бөлінеді.
– Астана қаласының аумақтық сайлау комиссиясының саяси науқанға дайындығы қалай жүруде?
– Еліміз үшін бұл – жаңа сайлау науқаны, ал Астана үшін – ауқымды ұйымдастыру жұмысы, яғни жүздеген учаскелер, мыңдаған комиссия мүшелері, халықаралық бақылаушылар, цифрлық сервистер ашылып, әрбір сайлаушы үшін арнайы жағдай жасалуы керек. Елордада сайлау науқанын жүргізуге 4263 адам қатысады. Оның 80 пайызын білім беру саласының қызметкерлері құрайды. Әртүрлі сала мамандарынан жиналған бұл құрам міндетті түрде оқытылады, жұмысты бастамас бұрын тест тапсырады. 30 сұраққа жауап беріп, жұмысқа кірісуге арнайы сертификат алуы керек. Сайлау комиссиясының мүшелерін кәсіби және сайлау жүйесіне қатысты барлық өзекті сұрақтарға жауап бере алатындай етіп оқытуға көңіл бөлінеді. Егер сынақты тапсыра алмаса, онда, әрине, оның жұмыс істеуіне рұқсат берілмейді. Жұмыс басталғаннан кейін учаскелік комиссиялар, демалыс күндерін қоса алғанда, күн сайын жұмыс істейді. Олар тізімдерді нақтылаумен, есептен шығару куәліктерін берумен, шақыруларды табыстаумен және азаматтарға кеңес берумен айналысады. Байланыс телефондары, комиссиялардың мекенжайлары және барлық қажетті ақпарат ресми ресурстарда жарияланады.
– Егер Астананың кез келген азаматы сайлау күні қаладан тыс жерде болса қалай дауыс бере алады?
– Ол үшін тіркелген сайлау учаскесінде есептен шығару куәлігін алып, сол күні қай өңірде болса, сол жерге куәлігінің түпнұсқа түрін апарып, дауыс бере алады. Оны алдын ала алу керек. Заңда белгіленген мерзімнен кейін беру тоқтатылады. 22 тамыз сағат 18:00-де есептен шығару куәлігін беру аяқталады. 22 тамыз – тыныштық күні, бұл күні ешқандай үгіт-насихат, ұйымдастыру жұмысы жүргізілмейді.
– Мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарының дауыс беруі қалай ұйымдастырылған?
– Бұл санатқа біз көп көңіл бөлеміз, өйткені 1995 жылы Мүгедек азаматтарды қорғау туралы конвенцияға қол қойдық. Осы қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде оған үлкен назар аударамыз. Астанада осындай
7 мыңнан астам азамат бар, олар учаскелік сайлау комиссиясына келіп те, үйінде де дауыс бере алады. Олардың конституциялық құқығын орындауы үшін осы санатқа арналған 70-тен астам мамандандырылған машина, яғни инватакси жұмысы жолға қойылған, сайлау күні, қажет болса, бұл машиналардың санын екі есе арттырамыз. Бүгінде барлық учаскелік сайлау комиссиялары осы санаттағы адамдар келіп, тең дауыс беру құқығына ие болу үшін бейімделген. Мүгедектер арбасына таңылған, көру, есту қабілеті нашар адамдар үшін де барлық жағдай жасалған. Арнайы бейімделген компьютерлер бар, Брайль түріндегі материалдар, арнайы техника құралдары қолданылады, сурдоаудармашылар мен еріктілер көмегі қарастырылған. Сондай-ақ учаскелер тактильді тақталармен қамтамасыз етілген. Егер олар келе алмаса, сұранысына қарай үйіне барып дауыс беруіне мүмкіндік жасайтын көшпелі комиссия жұмысы да жолға қойылады. Тәулік бойы диспетчерлік қызметтер жұмыс істейді. Менің ойымша, бұл тұрғыда Астана қаласы бойынша бізде мәселе болмайды. Біз әрбір азамат үшін дауыс беруге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге тырысамыз.
– Демалысқа кеткен студенттер қалай дауыс береді?
– Студенттердің көбі демалыс уақыты болғандықтан қатыса алмайды, сондықтан біз жоғары оқу орындарымен, колледждермен 18 жасқа толған студенттердің науқанға қатысуы бойынша жұмыс жүргіздік, олар өзінің жергілікті тіркелу орны бойынша дауыс береді. Дауыс беру механизмі мен куәліктерді сырттай пайдалану мүмкіндігі туралы алдын ала хабардар етіледі.
– Еш жерде тіркелмеген азаматтар үшін жағдай жасалған ба?
– Астанада сондай азаматтар үшін әр ауданда шағын ХҚКО-лар ашылады, олар сол аймақтарға келіп, өзіне ыңғайлы сайлау учаскесінде бір күнге тіркелуге толық құқығы бар және сол жерде дауыс беріп, өзінің конституциялық құқығын қолдана алады. Егер сол күні ауруханаға түсіп қалса, емдеу мекемелерінде орналасқан жабық сайлау учаскелеріне барып дауыс берсе болады. Олар таңертеңгі сағат 7:00-ден бастап кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
– Сайлау учаскеңіздің қай жерде екенін қалай білуге болады?
– Бүгінде бұл үшін барлық қолжетімді ақпарат арналары қолданылады. Интернет-ресурстар, Telegram-боттар, iKomek 109 қызметі жұмыс істейді. 2GIS компаниясымен бірлесіп өз учаскесінің орналасқан жерін анықтау және маршрут салу мүмкіндігі іске асты. Сонымен қатар азаматтарға қай жерде дауыс бере алатынын тез білуге көмектесетін push-хабарламалар бар. Біз әр сайлаушыға қажетті ақпаратты алу үшін әлеуметтік медианы, теледидарды, радионы және баспа құралдарын барынша пайдаланамыз.
– Сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Сайлау құжаттары мен бюллетендердің сақталуына көп көңіл бөлінеді. Оларды жеткізу, сақтау және пайдалану белгіленген процедураларға сәйкес қатаң түрде жүзеге асады. Барлық іс-әрекет комиссиялардың, бақылаушылардың және уәкілетті органдардың бақылауымен атқарылады. Өткен сайлау науқанында 4 мыңнан астам бақылаушы тіркелді. Бұл жолы бақылаушылардың, қоғамдық ұйымдардың, саяси партиялардың, халықаралық миссиялар мен БАҚ өкілдері көп болады деп күтілуде. Бұл өте маңызды, өйткені халықаралық байқау Қазақстанның сайлау жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал етеді және еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттырады.
– Үгіт-насихат науқаны қалай ұйымдастырылады?
– Алдағы күндері саяси партиялардың үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындар ресми түрде жарияланады. Жергілікті атқарушы органдар арнайы жабдықталған ақпарат тұғырларын ұсынады, онда партиялар өздерінің үгіт-насихат плакаттарын орналастыра алады. Сонымен қатар кандидаттар мен саяси партиялар өкілдерінің сайлаушылармен кездесуіне арналған үй-жайлар анықталды. Бұл алаңдар туралы ақпарат тұрғындарға БАҚ және ресми интернет-ресурстар арқылы жеткізіледі. Сонымен бірге сайлау науқанының келесі кезеңіне дайындық жалғасуда. Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетендерінің нысанын және оларды орталықтандырылған жеткізу тәртібін бекітеді. Бюллетендер қатаң есеп беру құжатына жатады, сондықтан оларды тасымалдау және сақтау құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында болмақ. Дауыс беру басталғанға дейін учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің бюллетендері бар қаптамаларды ашуға құқығы жоқ. Олар мөрленген сейфтерде сақталады және дауыс беру күні ғана заңда белгіленген тәртіппен және бақылаушылардың қатысуымен ашылады. Бұл – сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған, заңнамада көзделген рәсімдердің бірі.
– Сайлаушыларға не айтқыңыз келеді?
– Ең алдымен, азаматтарды тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға және жалған хабарламаларға сенбеуге шақырғым келеді. Бүгінде Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өзінің конституциялық құқығын іске асыруы үшін барлық жағдай жасалған. Деректеріңізді алдын ала тексеріп, дауыс беруге дайындалу және сайлау учаскесіне келу өте маңызды. Біз бірінші рет біржақты парламент құрып отырмыз. Сондықтан әрбір азамат осы мәселеге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бір өкініштісі, бізде әлі күнге дейін сайлау науқанының ашықтығына сенбейтіндер бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық сайлаушыны мұндай қауесетке сенбеуге шақырамын.