Ұлттық музей тұсындағы аллеяға қарағаш пен сібір шыршасының 150 түп көшеті егілді. Шәмші Қалдаяқов көшесі бойындағы аумақты көгалдандыру жұмысына Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай бастаған депутаттар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Құрылтайдың бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрылтай спикері Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы елімізді абаттандыру мен көгалдандыруға ғана емес, сонымен қатар әр адамның жеке жауапкершілігін қалыптастыруға, қоғамдық кеңістікке және қоршаған ортаға құрметпен қарауға бағытталғанын атап өтті.

– Президент тазалықты сақтау және табиғатты аялау күнделікті мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. «Таза Қазақстан» акциясы осыған бағытталып отыр. Бүгін біз елорда тұрғындарымен бірге аллеяға ағаш ектік. Бірер жыл өткен соң бұл ағаштар Астананың ажарын ашып, ортақ еңбегімізді еске салып тұрады. Игі іске өз үлесімізді қосып, қала мен елге деген қамқорлық әрқайсымыздан басталатынын көрсету – біз үшін аса маңызды, – деді Айбек Дәдебай.

Бұл – Құрылтай депутаттарының заң шығарушы орган қабырғасынан тыс жерде өткізген алғашқы бірлескен экологиялық акциясы. Ағаш егу жұмысына Елдос Баялышбаев пен Захира Бегалиева қатысты. Депутаттар қолжетімді қалалық орта ерекше қажеттілігі бар адамдарға да өзгелермен тең дәрежеде қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік беруі қажет екенін атап өтті.
– Біз алғаш рет әріптестерімізбен бірге осындай акцияға қатысып отырмыз. Бұл – елорданы абаттандыруға өз үлесімізді қосып қана қоймай, әр адамның қала өміріне атсалысуына жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсету мүмкіндігі. Кедергісіз орта барлық тұрғын өзін жайлы сезініп, ортақ іске тең дәрежеде қатыса алатын қолжетімді қоғамдық кеңістіктерден басталады, – деді Елдос Баялышбаев.