Қосшы қаласының бес жылдығына орай қала әкімдігі мен қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Оқы да, оз!» атты облыстық кітап оқу байқауы өтті. Тағылымды шараның мақсаты – кітап оқу мәдениетін дәріптеу, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау.

Байқауға Қосшы, Астана қаларынан отыздан астам кітапсүйер қатысты. Биылғы байқауға қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалды. Қатысушылар шығарма мазмұнын жан-жақты меңгеріп, өз білімдері мен әдеби талдау қабілеттерін сынға салды. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар роман бойынша дайындалған 60 сұрақтан тұратын тест тапсырды. 45 және одан жоғары ұпай жинаған үміткерлер екінші кезеңге өтті. Бұл кезеңде қатысушыларға романның оқиғалық желісіне қатысты суреттер ұсынылып, олар шығарма мазмұнын баяндап, кейіпкерлердің болмысы мен негізгі идеясына талдау жасады. Қазылар алқасы қатысушылардың шығарманы меңгеру деңгейіне, ойды жүйелі жеткізуіне, әдеби талдау жасау қабілетіне және шешендік шеберлігіне баға берді.

«Тағдыр» романы – Қабдеш Жұмаділов шығармашылығының ең көрнекті туындыларының бірі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болған шығармада шекараның арғы бетінде қалған қазақтардың тағдыры, елдік рухы мен азаттық жолындағы күресі Демежан бейнесі арқылы терең суреттеледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Оқы да, оз!» байқауы жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттауға бағытталған. Осындай тағылымды жобалар өскелең ұрпақтың рухани дүниесін байытып, кітап оқу мәдениетінің қалыптасуына оң ықпал етеді.

Байқау соңында жеңімпаздар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.