Қоғамдық кеңесте қаралды

Қоғамдық кеңесте қаралды
фото: Василий Крась

Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде 8 мәселе қаралды. Жиында кеңес мүшелері басқармалар өкілдерінің осы мәселелер бойынша жасаған баяндамасын тыңдап, сұрақтар қойды және кеңестің комиссия төрағасы Юсуп Келигов жобалар туралы қорытынды шешімді оқыды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отырыста алдымен Астананың қала маңы аймағының мөлшері мен шекараларын белгілеу, қала маңы аймағына қосылған жерді пайдалану қағидалары мен режимін бекіту, «Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану қағидалары мен режимiн бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 18 желтоқсандағы № 1269 қаулысына өзгерістер енгізу жайы сөз болды. Бұл мәселе туралы Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары  басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақтияр Ілиясов баяндама жасады.  

       Одан әрі «Астана қаласында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің  қағидаларын бекіту туралы» қалалық мәслихаттың 2025 жылғы 14 ақпандағы №272/34-VIII шешіміне өзгерістер енгізу, «Астана қаласының орманды саябақ аймағының шекарасын белгілеу туралы» ҚР Үкіметінің 2026 жылғы 2 наурыздағы  №137 қаулысына өзгеріс енгізу, «Астана қаласында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы» қала мәслихатының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі №238/32-VII шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы талқыланды. Мәселе бойынша Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Медет Есенбекұлының баяндамасы тыңдалды. Осы ретте қоғамдық кеңес мүшелері қаладағы кейбір аудандар мен тұрғын алаптарда бос жүретін қаңғыбас иттердің адамдарға қауіп тудыруы, иесі бар иттердің де вакцина алуы, ауру жұқтырмауына байланысты сұрақтар қойды. Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда иесіз иттерді аулау бойынша қалада 8 бригада жұмыс істейді. Жылдың соңына дейін оның қатары тағы 5 бригадаға көбейеді. Олар айына 300-400 иттерді ұстап, иттерге вакцина салып, қауіпсіз ортада ұстайтын арнайы орындарға өткізеді.

Күн тәртібіндегі келесі маңызды мәселе - елордада мүгедектігі жоқ адамдарды медициналық көрсетілімдер бойынша есту аппараттарымен қамтамасыз ету туралы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары Айдын Ашимханов баяндады.

          -Есту қабілетінің бұзылуы бойынша мүгедектігі бар елордалық азаматтар қажетті техникалық оңалту құралдарымен әлеуметтік қорғау органдары арқылы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар созылмалы есту қабілеті төмендеген, бірақ мүгедектік тобы берілмеген азаматтар санаты тегін есту протезімен қамтамасыз ету жүйесінен тыс қалып отыр. Ұсынып отырған шешім жобасы осы құқықтық олқылықты жоюға және мұқтаж елорда тұрғындарын жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдауға бағытталған, - деді спикер. Соңында отырысқа қатысушылар «Астана қаласының Құрметті азаматы» атағын беру жайына тоқталды.  

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің азаматтық қоғамның әлеуметтік саясат саласындағы мүдделерін білдіру жөніндегі комиссиясы барлық жобаларды қарап, олардың қолданыстағы ҚР заңнамасына қайшы келмейтінін нақтылады. Жобалардың бәрі нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келеді. Осыған орай кеңес мүшелері аталған шешімдер жобаларын қолдады және оларды Астана қаласы мәслихатының сессиясында қарауға және қабылдауға ұсынды.