Қазақтың күйшілік өнері бүгінде шарықтау шегінде - республикалық күйшілер байқауының лауреаты

Қазақтың күйшілік өнері бүгінде шарықтау шегінде - республикалық күйшілер байқауының лауреаты
фото: Аякөз Еркінбекқызының жеке архивінен

Бүгінгі Ұлттық домбыра күніне орай Дина Нұрпейісова атындағы республикалық күйшілер байқауының лауреаты, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жүлдегері, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісінің иегері Аякөз Еркінбекқызы мерекемен барша елін құттықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Өмірдің не жоқ дейсің базарында,
Шаттығың, бәрі сонда азабың да.
Сақталып домбыраның шанағында,
Қақталып жатады ғой таза мұң да! 

Күй халықтың ғасырлар бойғы мұң-шері мен қуанышын шертетін, жан тебірентетін қасиетті өнер.  Күй деген – ішкі ой, адамның көңіл-күйі, айтылмай жатқан тарихымыз. Күй деген сөзбен айтылатын ән емес. Күй қалай болғанда кеңінен насихатталады, ол жүрегіңмен сезініп, тыңдарманның жүрегіне жеткізген жағдайда ғана нақты нәтижесін табады. Қазақтың күйшілік өнері қазіргі таңда өзінің шарықтау шегінде деп айта аламын. Бүгінде жастар да, үлкендер де күйге мән бере бастады. Бұрынғы кездерде күй келесі әнші сахнаға киініп шығу үшін қажет аралықты толтыру мақсатында тартылатын, сонда екі минут күй тартылып, оның шығу тарихы айтылмайтын еді. Осы ретте Ұлттық домбыра күнінің атап өтілуі еліміздің ұлттық өнерін одан сайын дамытып, әлемге кеңінен насихаттауда өте маңызды деп санаймын. Барша әріптестерімді, рухы қазақ, өнер сүйер қауымды бұл мерекемен шын жүректен құттықтаймын, - дейді ол.