Қазақстанның белгілі спортшылары Құрылтай сайлауына қатысты. Көркем гимнастикадан еңбек сіңірген жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Василий Левит, каратэ чемпионы Малика Абжанова, еркін күрестен жаттықтырушы Дархан Бейсенов және қазақ күресі мен дзюдодан Қазақстан чемпионы Жасұлан Халхабаев азаматтық таңдауын жасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Меруерт Балғынбаеваның қазақстандық көркем гимнастиканы дамытуға қосқан үлесі зор. Ол елімізде алғаш рет екі дүркін әлем чемпионын, сондай-ақ Азия чемпиондарын дайындады. Оның шәкірттері Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Құрылтай сайлауында дауыс берген Меруерт Балғынбаева азаматтық жауапкершілік пен әр адамның ел өміріне белсенді араласуының маңыздылығын атап өтті.
«Мен үшін Құрылтай сайлауына қатысу — азаматтық ұстанымымды білдіріп, өз таңдауымды жасау мүмкіндігі. Жаттықтырушы ретінде күн сайын жас спортшылармен жұмыс істеймін және тек чемпиондарды ғана емес, жауапкершілігі жоғары, мақсатшыл азаматтарды тәрбиелеудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Әрқайсымыздың қосқан үлесіміз маңызды екеніне сенемін», — деді Меруерт Балғынбаева.

Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында Қосшы қаласындағы №750 сайлау учаскесінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, каратэден Қазақстан Республикасының спорт шебері Малика Абжанова дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдірді.
Ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген спортшы сайлау учаскесіне өзінің спорттық жетістіктерінің айғағы саналатын медальдарын тағып келді. Осылайша Малика Абжанова спорттағы жеңістерімен қатар, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады.
Малика Абжанова — WKF каратэсінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, қара белбеу иегері (1-дан). Ол — Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2025 жылғы Орталық Азия чемпионы, 2025 жылғы ТМД елдері ойындарының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ шотокан каратэсінен әлем чемпионы және бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы.
Дауыс бергеннен кейін спортшы сайлау учаскесінде түсірілген фотосуреттерін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап:
«Еліміздің болашағын біз таңдаймыз!» — деп жазба қалдырды.

Алматы қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан еркін күрестен тәжірибелі бапкер Дархан Бейсенов Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады.
Дархан Бейсенов — жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлап, елімізде еркін күрестің дамуына елеулі үлес қосып жүрген білікті маман. Оның шәкірттері республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғап келеді.
«Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Таңмен таласып, Құрылтай сайлауына қатысу үшін өз сайлау учаскеме келдім. Сіздерді де бұл сайлауға бейжай қарамай, Қазақстан Республикасының және өз болашақтарыңыз үшін азаматтық таңдау жасауға шақырамын», — деді Дархан Бейсенов.
Бапкердің айтуынша, сайлауға қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасау — әр азаматтың жауапкершілігі. Ол ел өміріндегі маңызды үдерістерге белсенді қатысудың маңызын атап өтті.

Бүгін бокстан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит Құрылтай сайлауында дауыс беріп, өз азаматтық таңдауын жасады.
Сайлау учаскесіне келген Василий Левит ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысудың әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Василий Левит — қазақ спортының халықаралық аренадағы абыройын асқақтатқан белгілі спортшылардың бірі. Ол 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында күміс жүлде иеленіп, әлем чемпионаттарында екі мәрте қола жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Азия чемпионаттарында үш рет жеңіс тұғырынан көрінді. Бүгінде ол жинақтаған тәжірибесін елордалық спортты дамытуға бағыттап, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарып келеді.
Оның айтуынша, дауыс беру — азаматтың өз ұстанымын білдіріп қана қоймай, елдің ертеңіне деген жауапкершілігін танытатын маңызды қадам.
«Бүгін мен өз таңдауымды жасадым. Дауыс беруге қатысу — әр азаматтың құқығы ғана емес, жауапкершілігі деп есептеймін. Спорт бізді тәртіпке, жауапкершілікке және нәтижеге ұмтылуға үйретеді. Бұл қасиеттер қоғамдық өмірде де аса маңызды. Еліміздің болашағы әрқайсымыздың белсенділігіміз бен ортақ іске бейжай қарамауымызға байланысты», — деді Василий Левит.
