Еліміз бойынша 9 015 сайлау учаскесі қолжетімділік картасына енгізіліп, әр нысанның мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты ыңғайлы екеніне талдау жүргізілді. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және сайлау комиссияларымен бірлесіп жүргізген мониторинг нәтижесінде 1 333 учаскеде қосымша бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бұл жұмыс дауыс беру күніне дейін жалғасады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскесінің қолжетімділігі тек кіреберістегі пандуспен шектелмейді. Маңыздысы – әр азаматтың учаскеге өздігінен, кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалып, дауыс беруге қажетті барлық құралдарды пайдалана алуы.
Азаматтардың қажеттілігіне қарай сайлау учаскелерінде мынадай жағдайлар қарастырылады:
• пандустар немесе көтергіш құрылғылар;
• көмек шақыруға арналған батырмалар;
• тактильді көрсеткіштер;
• ені белгіленген талаптарға сәйкес келетін есік ойықтары
• жеткілікті жарықтандыру;
• арнайы автотұрақ орындары;
• көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған арнайы құралдар;
• Брайль қарпімен жазылған ақпараттық материалдар;
• ымдау тілі мамандары мен тифлосурдоаудармашылардың көмегі.