Осы күзде Қазақстанда мәдени мұра шабыт көзіне айналып, дәстүр музыка, өнер, білім, гастрономия және технологиялар арқылы жаңаша пайымдалатын nomad alemi атты заманауи номадтар фестивалі өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль Қазақстанның үш өңірін қамтиды. 5 қыркүйекте - Ақмола облысының Макинск қаласында, 12 қыркүйекте - Шығыс Қазақстан облысының Қасым Қайсенов кентінде және 19 қыркүйекте - Алматы маңындағы “Біздің Ауыл” алаңында өтеді. Жалпы іс-шара аясында фестивальге 15 мыңнан астам адамның қатысуы жоспарланып отыр.
Қонақтарды 100-ден астам түрлі іс-шара, сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым және креативті индустрияның көрнекті өкілдерімен кездесулер күтеді.
Спикерлер қатарында мәдениеттанушы, жазушы әрі сценарист Зира Наурызбай, дәстүрлі түркі мәдениетін зерттеуші Дәурен Тасбулатов, мультидисциплинарлық суретші әрі куратор Мансур Смағамбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова, журналист, продюсер әрі тарихи жобалардың авторы Майя Бекбаева және басқа да сарапшылар бар.
Үлкен сахнада Yenlik, «Арқайым», «Үркер», ARSHAT, Steppe Songs, dudeontheguitar және тағы да басқа әртістер өнер көрсетеді.
Фестивальдің жүрегіне айналатын көшпелі «Шаңырақ» - үйдің, бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының символы болмақ. Ол nomad álemi фестивалімен бірге барлық үш өңірді аралап, адамдардың, идеялардың және дәстүрлердің тоғысатын орнына айналады. Осылайша қонақтарды заманауи көшпелі мәдениеттің құндылықтары төңірегінде біріктіреді.
Гастрономиялық аймақта еркін қарым-қатынасқа арналған бірегей дастархан жайылады. Қонақтар өзара әңгімелесіп, жаңа адамдармен танысып, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Онда классикалық рецепттерден бастап авторлық интерпретацияларға дейінгі түрлі тағамдар ұсынылады.
Фестивальдің басты назар аударарлық тұстарының бірі - номадтардың өмір жолын интерактивті форматта танып-білуге мүмкіндік беретін кеңістік. Сонымен қатар қонақтардың өздері де жасалуына атсалысатын арт-нысандар мен инсталляциялар ұсынылады.
Фестиваль аясында көшпенділердің аңыздарынан шабыт алған театрландырылған шоу өтеді.
Ең кішкентай қонақтар үшін білім алуды қызықты ойынға айналдыратын «Болашақ» тақырыптық кеңістігі ашылады. Балалар түрлі мамандықтарды сынап көріп, өздерінің болашақ қаласын құрып, шығармашылық шеберлік сабақтары мен интерактивтерге қатыса алады. Сондай-ақ TikTok-аймақ та қарастырылған.
Фестиваль қонақтарына ең жарқын әрі креативті номад стиліндегі костюмдер үшін арнайы сыйлықтар табысталады.
Фестиваль «Номадтар жолы» философиясының көпшілікке арналған көрінісіне айналады. Бұл философияның негізінде өз түп-тамырыңды құрметтеу болашаққа батыл қарауға жол ашады деген идея жатыр. Фестиваль философиясы мен бағдарламасы туралы толығырақ ақпаратты ресми сайттан алуға болады: https://nomadalemi.kz
«Заманауи номад үшін мәдениет пен дәстүр алға нық қадам басуға мүмкіндік беретін тірек. Ол әлемге, жаңа идеялар мен технологияларға ашық, сонымен қатар өзінің қайдан шыққанын және өзіндік болмысын не қалыптастыратынын жақсы түсінеді. nomad álemi идеясының мәні де осында - бізге ата-бабамыздан жеткен мәдени кодты бүгінгі күннің энергиясымен ұштастырып, оның жаңа қырларын бірге іздеу. Заманауи номад өткен мен болашақтың бірін таңдамайды - ол екеуін байланыстырып, өз жолмен жүреді», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.