Қазақстанда азық-түлік өндірісі 13,8%-ға өсті

Қазақстанда азық-түлік өндірісі 13,8%-ға өсті
фото: amelia.shop

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 13,8%-ға өсіп, 3,2 трлн теңгені құрады. Өсім тамақ өнеркәсібінің бірқатар негізгі бағытын қамтыды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Өсімдік майы өндірісінде ең жоғары өсім тіркелді. Оның көлемі 25,2%-ға артып, 828 мың тоннаға жетті. Ұн өндірісі 13,9%-ға өсіп, 2,8 млн тоннаны, балмұздақ өндірісі 51,7%-ға артып, 81,8 мың тоннаны, ірімшік пен сүзбе өндірісі 9,3%-ға ұлғайып, 44,8 мың тоннаны құрады. Шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісі 10,4%-ға өсіп, 69,4 мың тоннаға жетті.

Саланы дамытуға өндірушілерді мемлекеттік қолдау және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу ықпал етуде. Жыл басынан бері 200-ден астам кәсіпорынның айналым қаражатын толықтыруға 96 млрд теңге сомасында қаржы бөлінді. Сонымен қатар елімізде ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеуді дамытуға және қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға бағытталған алты инвестициялық жоба пайдалануға берілді. 

Жаңа өндіріс орындарының қатарында Павлодар облысында майлы дақылдарды, Түркістан облысында бақша дақылдарын, Жамбыл облысында жүгеріні өңдейтін кәсіпорындар, сондай-ақ Астанадағы ет өңдеу зауыты мен Алматы облысындағы сусын өндіретін зауыт бар. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше осы жылдың қорытындысы бойынша саланың жалпы өнімінің 6%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісінің 9,5%-ға, сусындар өндірісінің 10,5%-ға өсуі болжануда.