Дәстүрлі ән-күй мұрасын дәріптейді

Дәстүрлі ән-күй мұрасын дәріптейді
фото: Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында қазақтың дәстүрлі музыка өнерін дәріптеуге арналған циклдік жоба «Арқа өңірінің ән-күй мұрасы» концертімен ашылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жоба еліміздің әр өңіріне тән әншілік және күйшілік мектептердің бай мұрасын таныстыруға бағытталған. Оның аясында концерттік маусым соңына дейін сегіз концерт өткізу жоспарланып отыр.

Алғашқы кеште Арқа өңірінің сал-серілік дәстүрі мен шертпе күй мектебінің жауһарлары ұсынылды. Елімізге танымал дәстүрлі әншілер мен күйшілер Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Тәттімбет және Ықылас сынды өнер алыптарының шығармаларын орындап, ұлттық музыканың көркемдік болмысы мен өңірлік ерекшеліктерін танытты.

Концерттің айрықша сәттерінің бірі АҚШ-тан келген домбырашы Geoff Gersh-тің өнер көрсетуі болды. Ол Қыздарбек Төребайұлының «Сылқым қыз» күйін орындады.

Концерттер циклі дәстүрлі музыкалық мектептерді кеңінен насихаттауды, өңірлік өнер мұрасын көпшілікке таныстыруды және ұрпақтар арасындағы шығармашылық сабақтастықты сақтауды көздейді.