Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аяқталды. 1-3 қазан аралығында өткен форум технологиялық бизнес өкілдерін, мемлекеттік институттарды, халықаралық компанияларды, инвесторларды, стартаптарды, әзірлеушілерді және сарапшылар қауымдастығын біріктірді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Форумның алғашқы күні мемлекеттік органдар басшыларының, халықаралық делегациялардың және технологиялық индустрия өкілдерінің қатысуымен арнайы бағдарлама өтті. 2 және 3 қазанда AI & Digital Bridge кең аудиторияға арналған ашық бағдарламамен жалғасты.
AI & Digital Bridge 2026 форумының негізгі тақырыбы «Kazakhstan is the Eurasian AI Hub» болды. Форум Қазақстанның өңірлік AI-экожүйені қалыптастырудағы рөліне, өзінің технологиялық инфрақұрылымын дамытуға және жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналды.
Ашық бағдарламаның екі күнінде форум алаңына 47 мыңнан астам адам тіркелді. Күнделікті көрсеткіштердің жиынтығы бойынша форумға 18 мыңнан астам бірегей келуші қатысты.
Іскерлік бағдарламаға 429 бірегей спикер, оның ішінде 114 шетелдік сарапшы қатысты. Форум аясында 106 панельдік сессия өтті. Көрмеде Startup Alley алаңында 96 стартап, 49 IT-компания және 42 жеке стенд өз жобаларын таныстырды. Форумның негізгі практикалық нәтижелерінің бірі 61 меморандум мен келісімге қол қою болды.
2026 жылы бағдарламада жасанды интеллектті дамыту, есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер, робототехника, технологиялық кәсіпкерлік, инвестициялар, білім беру, AI-ді реттеу және жаңа шешімдерді мемлекеттік және корпоративтік секторға енгізу мәселелеріне басымдық берілді.
Мемлекет басшылығының қатысуымен стратегиялық күн тәртібі.
1 қазандағы арнайы бағдарламаның негізгі оқиғасы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен пленарлық отырыс болды. Мемлекет басшысы елдің технологиялық трансформациясының негізгі бағыттарын және жасанды интеллектінің экономика, ғылым, білім беру және мемлекеттік басқаруды дамытудағы рөлін атап өтті.
«Бүгінде жасанды интеллект технологияларының өнеркәсіп, қаржы, білім беру, ғылым, мемлекеттік басқару және адамдардың өмір салтын түбегейлі өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Осыған байланысты AI & Digital Bridge күн тәртібі жыл сайын жаңарып, жаңа өзекті тақырыптар пайда болып, қатысушылардың қатары кеңейіп келеді. Форумда цифрландырумен қатар есептеу инфрақұрылымы, үлкен тілдік модельдер, робототехника мәселелері бойынша да пікірталастар өтеді. Ғылым мен технология саласындағы заңнамалық реттеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, AI & Digital Bridge жаңа технологиялар саласындағы халықаралық байланыстар үшін тиімді алтын көпір қызметін атқарып отыр», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Форумның алғашқы күнінде Qazaq AI Research University (QAIRU) университетінің ашылуы да өтті. Президент AI-Enabled University моделінің жұмысымен және жаңа зерттеу университетін дамытудың негізгі бағыттарымен танысты. Технологиялық экспозиция барысында Мемлекет басшысына білім беру, мемлекеттік қызметтер және өнеркәсіп салаларындағы цифрлық және AI-жобалар да таныстырылды.
Мемлекеттік күн тәртібі форумның қорытынды күнінде жалғасын тапты. 3 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов AI & Digital Bridge алаңында ұсынылған цифрлық шешімдермен танысты. Сонымен қатар ол халықаралық технологиялық индустрия өкілдерімен кездесулер өткізіп, AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздарына марапаттарын табыстады. Премьер-министрге QAIRU-дың білім беру процесін бейне және аудио талдау саласындағы шешімдері, AI-тьютор, білім алушылардың үлгерімін талдау құралдары және басқа да отандық AI-өнімдер таныстырылды.
Қазақстан AI-экономикасының толық циклін дамытып келеді
Форумның негізгі тақырыптарының бірі Қазақстанда жасанды интеллектінің толыққанды экожүйесін қалыптастыру болды. Бұл тек дайын AI-құралдарын енгізумен шектелмейді. Сонымен қатар меншікті инфрақұрылымды, есептеу қуаттарын, тілдік модельдерді, технологиялық компаниялар мен адами капиталды дамытуға, сондай-ақ технологиялық бизнестің өсуіне және инвестиция тартуға қажетті жағдай жасауға басымдық беріледі.
AI-инфрақұрылымын дамыту Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің форум қорытындысы бойынша сөйлеген сөзінде де негізгі тақырыптардың бірі болды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы форумның ашылуында жаңа технологияларды дамыту қарқынды өзгеріп жатқан дәуірдің ажырамас шындығына айналғанын атап өтті. Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге қажетті барлық құқықтық негіз қалыптасты. Цифрлық инфрақұрылым озық қарқынмен дамып келеді. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы ең ірі, энергетикалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін кампус - «ДӨО-алқабы» мегажобасының құрылысыу белсенді жүргізілуде. ДӨО жасанды интеллектті, бұлтты сервистерді, ғылыми зерттеулер мен жаңа цифрлық өндірістерді дамытуға негіз болады. Біз жаһандық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға ашықпыз», - деді Премьер-министр Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанның жаңа AI-экономиканың барлық деңгейін жүйелі түрде дамытып жатқанын атап өтті.
«Біз толыққанды AI-экономиканы қалыптастырудың бастапқы кезеңіндеміз. Әртүрлі бағалаулар бойынша оның жалпы қолжетімді нарығы қазірдің өзінде 50 триллион доллардан асады. Қазақстан үшін бұл жаңа жаһандық экономикада өз орнын тауып, жасанды интеллектіні дамытудан барынша тиімділік алуға мүмкіндік береді. Сондықтан біз AI-экономиканың барлық бес деңгейін, яғни энергетикалық инфрақұрылым, чиптер мен бұлтты платформалардан бастап, өзіміздің тілдік модельдеріміз бен қосымшаларымызға дейін жүйелі түрде дамытып келеміз», - деді Премьер-министрдің орынбасары, Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Халықаралық сараптама және жаңа технологиялық байланыстар
Екі күн ішінде өткен 106 панельдік сессия AI дамуының негізгі бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, жаңа экономика, жаһандық технологиялық бәсекелестік, инвестициялар, адами капитал, есептеу инфрақұрылымы, робототехника және Physical AI мәселелері талқыланды. Халықаралық бағдарлама жетекші кәсіпкерлерді, инвесторларды, зерттеушілерді, жаһандық технологиялық компаниялардың басшыларын және мемлекеттік институттардың өкілдерін біріктірді.
AI & Digital Bridge 2026 форумының негізгі спикерлері қатарында Network School негізін қалаушы, кәсіпкер және инвестор Баладжи Шринивасан және Crimson Education компаниясының тең құрылтайшысы әрі бас директоры (CEO) Джейми Битон болды. Олардың қатысуы форумның халықаралық құрамын кеңейтіп, технологиялық кәсіпкерлік, білім беру, таланттарды дамыту және жасанды интеллект дәуіріндегі дамудың жаңа модельдері туралы пікірталастарды тереңдете түсті.
Халықаралық бағдарламаның негізгі қатысушыларының бірі 01.AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры, Sinovation Ventures төрағасы және AI кеңесінің мүшесі Кай-Фу Ли болды. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Sofreh Capital компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Шервин Пишевар, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин және Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турловпен бірге The New Economy: Powered by AI пікірталасына қатысты. Сессияны Элеанор Олькотт жүргізді. Қатысушылар жасанды интеллекттің жаһандық экономиканы қалай өзгертіп жатқанын және жаңа AI-экономиканы қалыптастыру үшін қандай жағдайлар қажет екенін талқылады.
The New AI World Order атты жеке пікірталас жасанды интеллекттің жаңа әлемдік архитектурасын қалыптастыруға, технологиялық модельдер бәсекесіне және әлемнің әр өңіріндегі түрлі тәсілдерге арналды. Оған Цинхуа университетінің Жасанды интеллект индустриясын зерттеу институтының негізін қалаушы Яцинь Чжан, Cambrian Futures негізін қалаушы және AI кеңесінің мүшесі Олаф Грот, Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Иэн Слейтер қатысты. Сессияны Элеанор Олькотт жүргізді.
Инвестициялық күн тәртібі Capital for the AI Era сессиясында талқыланды. Kraken компаниясының тең бас директоры Дэвид Рипли, Revolut компаниясының DS & AI бағытының атқарушы директоры Павел Нестеров, Alma стартапының тең құрылтайшысы Асель Төлеубаева және Presight компаниясының стартаптарды акселерациялау және венчурлік капитал бағытының басшысы Ғазиз Сейілханов жаңа өсу нүктелерін, инвестициялық стратегиялардың өзгеруін және инвестициялық география өзгеріп жатқан кезеңдегі Орталық Еуразияның орнын талқылады. Сессия модераторы Елизавета Осетинская болды.
Бағдарламада адами капиталға да ерекше назар аударылды. Who Will Power the AI Economy? пікірталасына Digital Cooperation Organisation бас хатшысы және AI кеңесінің мүшесі Дима Әл-Яхья, Армения Республикасының жоғары технологиялық өнеркәсіп және жасанды интеллект министрінің орынбасары Татев Асланян, Oxford Insights негізін қалаушы әрі бас директоры, AI кеңесінің мүшесі Ричард Стирлинг және NVIDIA компаниясының Physical AI симуляциясы бойынша вице-президенті Рев Лебаредян қатысты. Сессияны Stanford Graduate School of Education мектебінің бұрынғы деканының орынбасары әрі CTO, AI кеңесінің мүшесі Пол Ким жүргізді. Қатысушылар AI-экономика жағдайында еңбек нарығын қандай құзыреттер айқындайтынын және білім беру, ғылым, мемлекет пен бизнестің технологиялық өзгерістерге қалай жауап беруі керектігін талқылады.
Жасанды интеллекттің генеративті модельдерден кейінгі даму бағыты The Next AI Frontier сессиясында талқыланды. Оған Polynome Group негізін қалаушы әрі бас директоры, AI кеңесінің мүшесі Александр Ханин, Халифа ғылым және технология университетінің профессоры, AI кеңесінің мүшесі Меруан Дебба, 01Edu және 01Talent компанияларының тең құрылтайшысы, AI кеңесінің мүшесі Николя Садирак, сондай-ақ AI және жаһандық трансформация саласындағы PhD, Future Readiness Forum & Xponential Group негізін қалаушы әрі CEO Тарик Курейши қатысты. Сессия модераторы Атакан Варол болды. Пікірталастың негізгі тақырыптары робототехника, Physical AI, автономды жүйелер және интеллектуалды технологияларды дамытудың келесі кезеңі болды.
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық бағдарламасының басқа қатысушылары қатарында E-Space негізін қалаушы, CEO және бас сәулетші Грег Уайлер, Dream компаниясының тең құрылтайшысы әрі президенті Себастьян Курц, Mastercard компаниясының вице-төрағасы және стратегиялық даму жөніндегі президенті Джон Хантсман, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БАӘ-нің жасанды интеллект мәселелері жөніндегі министрі Омар Әл-Олама, Harvard Medical School аға оқытушысы және Verily компаниясының Health Platforms бағытының бұрынғы президенті Вивиан Ли, iFLYTEK төрағасы Лю Цинфэн болды.
Форум бағдарламасы панельдік пікірталастармен ғана шектелген жоқ. AI & Digital Bridge практикалық форматтарды, соның ішінде воркшоптарды, шеберлік сабақтарын, Q&A-сессияларын, технологиялар демонстрацияларын, стартап-питчтерді және инвесторлармен кездесулерді біріктірді. Бұл қатысушыларға жаһандық технологиялық өзгерістерді талқылап қана қоймай, тәжірибелік сараптамамен алмасуға, жаңа шешімдермен танысуға, серіктестер табуға және жаңа кәсіби әрі іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.
«Бүгінде Қазақстанның өз AI-экономикасын дамытуға және жаһандық технологиялық аренадағы позициясын нығайтуға қажетті маңызды мүмкіндіктері бар. Бізде есептеу инфрақұрылымы мен дата-орталықтар дамып келеді, мықты технологиялық экожүйе қалыптасуда, талантты әзірлеушілер, зерттеушілер мен стартаптар бар. AI & Digital Bridge форумына халықаралық қатысу осы мүмкіндіктерді жаһандық сараптамамен, капиталмен және жаңа серіктестіктермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Біз форумның рөлін дәл осылай көреміз: Қазақстанның технологиялар мен таланттардың тартылу орталығына айналуына және Еуразиялық AI-хаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал ететін алаң. Мемлекет басшысының AI & Digital Bridge форумын Еуразиядағы беделді әрі кеңінен танымал алаң ретінде атап өтуі біз үшін аса жоғары баға және сонымен бірге форумды одан әрі дамытуға қойылған жаңа меже», - деді Digital Bridge CEO-сы Дания Ахметова.
AI & Digital Bridge 2026 халықаралық бағдарламасы бүгінде жаһандық AI күн тәртібін қалыптастырып отырған мәселелердің кең ауқымын көрсетті. Халықаралық технологиялық көшбасшылардың, инвесторлардың, зерттеушілер мен жаһандық компаниялар өкілдерінің қатысуы әлемдік сараптаманы форумның негізгі міндеттерінің бірімен, яғни Қазақстанның Еуразиялық AI-хаб ретіндегі позициясын нығайтып, елді технологиялар, капитал және таланттардың тартылу орталығына айналдыру міндетімен байланыстыруға мүмкіндік берді.
Креативті индустриялардағы AI: AAIFF-ке 125 елден 8 мыңнан астам өтінім түсті
AI MONTH бағдарламасында жасанды интеллектіні кино, музыка және креативті индустрияларда қолдану тақырыбына ерекше орын берілді. Осы бағыттағы негізгі оқиғалардың бірі жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып кинематографияны дамытуға арналған халықаралық Astana AI Film Festival (AAIFF) болды.
2 қазанда Astana AI Film Festival Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті. Халықаралық байқауға АҚШ, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония және Франция сияқты елдерді қоса алғанда, 125 мемлекеттен 8 мыңнан астам өтінім түсті.
Креативті индустриялардағы AI тақырыбы AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасында да жалғасты. AAIFF – The Future of AI Filmmaking және The Future of Live: музыка, концерттер және AI пікірталастары барысында халықаралық және қазақстандық сарапшылар жасанды интеллектінің кино өндірісін, музыканы, концерт индустриясын және контент жасауды қалай өзгертіп жатқанын, сондай-ақ AI авторлар мен креативті командаларға қандай жаңа құралдар мен мүмкіндіктер ұсынып отырғанын талқылады.
96 стартап, 49 IT-компания және халықаралық павильондар
AI & Digital Bridge 2026 бағдарламасының маңызды бөлігін технологиялық көрме құрады.
Startup Alley алаңында 96 стартап өз әзірлемелерін таныстырды. Тағы 49 IT-компания өз өнімдері мен технологиялық шешімдерін көрсетті. Көрме алаңында 42 жеке стенд жұмыс істеді.
Көрменің халықаралық бағыты Армения, Қытай, Испания, Канада және Өзбекстанның ұлттық павильондарымен ұсынылды.
Технологиялар мен креативті индустриялар тоғысындағы жобалар, робототехника, ойын және VR әзірлемелері, цифрлық өнімдер жасауға арналған AI-құралдармен танысуға мүмкіндік берген Robotics, Art, GameDev және Vibe Coding атты төрт тақырыптық аймақ та келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Көрме технологиялық командалар, компаниялар, инвесторлар, әлеуетті тапсырыс берушілер және халықаралық серіктестер арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналды.
Astana Hub Battle байқауы 14 елдің стартаптарын біріктірді
Стартаптар бағдарламасының негізгі оқиғаларының бірі Astana Hub Battle 2026 байқауы болды.
«Astana Hub Battle - форумның ең көп күтілетін шараларының бірі. Байқау жыл сайын түрлі елдерден технологиялық кәсіпкерлерді тартады. 2026 жылы байқауға АҚШ, БАӘ, Түркия, Швейцария, Малайзия және басқа да елдерден 292 өтінім түсті. Бүгінде стартаптар жасанды интеллект, медицина, білім беру, финтех және басқа да бағыттарда бәсекеге қабілетті шешімдер жасап жатқанын көріп отырмыз. Мұндай жобалар білім экономикасын қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инновациялық идеяларды сұранысқа ие өнімдерге айналдыруға ықпал етеді», - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.
Бірнеше іріктеу кезеңінен кейін 50 стартап жартылай финалға шықты, ал 14 команда өз жобаларын финалда таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Финалдық кезеңге өтінім бергендердің жалпы санының шамамен 5%-ы ғана жетті.
Astana Hub Battle байқауының жалпы жүлде қоры 100 мың долларды құрады. Жеңімпаздар Impact Maker, Market Shaper, Growth Engine және Investor’s Choice атты төрт номинация бойынша анықталды. Әр номинацияда 25 мың доллар көлемінде жүлде қарастырылды.
Жобаларға қосымша қолдауды серіктестер көрсетті. «Қазақтелеком» 25 мың доллар көлемінде GPU-ресурстар бөлсе, Yandex Qazaqstan 10 млн теңге сомасына бұлтты ресурстар ұсынды.
Қатысушылардың жобалары жасанды интеллект, HealthTech, EdTech, FinTech, робототехника, өнеркәсіп, киберқауіпсіздік, логистика, экологиялық мониторинг және бизнес-процестерді автоматтандыру бағыттарын қамтыды.
AI & Digital Bridge Awards жылдың үздік технологиялық жобаларын анықтады
3 қазанда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен AI & Digital Bridge Awards 2026 марапаттау рәсімі өтті.
Биыл марапатқа жеті номинация бойынша 119 өтінім түсті. Іріктеу екі кезеңде жүргізілді. Алдымен өтінімдер белгіленген критерийлер бойынша жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып талданды. Талдау нәтижесінде әр номинация бойынша бес үміткерден тұратын қысқа тізім жасалып, кейін жобаларды сарапшылар алқасы бағалады.
AI & Digital Bridge Awards 2026 жеңімпаздары: GovTech Project of the Year номинациясында eGov.GPT, EdTech Project of the Year номинациясында GoPrep, Startup of the Year номинациясында Rette, Corporate AI Transformation of the Year номинациясында QazCode-тың Aventa AI жобасы, International Breakthrough of the Year номинациясында Higgsfield AI, VC of the Year номинациясында MA7 Ventures және Creative Industry Project of the Year номинациясында ōzen.
Жобалардың артында нақты нәтижелер бар. Қазақстандық HealthTech-стартап Rette АҚШ-та пилоттық жобаларды іске қосып, Mayo Clinic Platform Accelerate бағдарламасына іріктеуден өтті. GoPrep платформасына 139 елден 31 мыңнан астам оқушы қосылды. ōzen музыкалық платформасы арқылы 2 364 әртіс жұмыс істейді, ал 2019-2026 жылдары олар үшін жиналған роялти көлемі 489 млн теңгені құрады.
Халықаралық номинацияның жеңімпазы Higgsfield AI болды. Марапатқа ұсынылған деректерге сәйкес, платформа 238 ел мен аумақта 30 млн-нан астам пайдаланушыға жетіп, шамамен 550 млн доллар инвестиция тартқан.
Марапат нәтижелері Қазақстандағы технологиялық жобалардың даму бағыттарының кең екенін көрсетеді. Олар мемлекеттік қызметтер мен білім беруден бастап медицинаға, корпоративтік AI-шешімдерге, венчурлік нарыққа және креативті экономикаға дейінгі салаларды қамтиды.
61 келісім форумның негізгі практикалық нәтижелерінің біріне айналды
AI & Digital Bridge 2026 ашық бағдарламасының екі күнінде форум алаңында 61 меморандум мен келісімге қол қойылды.
Келісімдер технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықты, білім беруді, цифрлық өнімдерді дамытуды және халықаралық әріптестікті қамтыды.
Форум қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов жекелеген табысты шешімдерден технологияларды кең ауқымда енгізуге көшу қажеттігін атап өтті.
«Келесі кезең - тиімділігін көрсеткен технологияларды ауқымды түрде іске асыру, сондай-ақ экономикамызға жаңа технологиялар мен цифрлық стандарттарды енгізу. Бұл үшін мемлекет, ғылым және халықаралық технологиялық компаниялар осы бағытта бірігуі керек. Digital Bridge - іскерлік серіктестер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін осындай алаң. Биыл 60-тан астам жаңа келісімге қол қойылды», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов.
Осылайша, форум технологиялық күн тәртібін талқылайтын алаң ғана емес, нақты серіктестіктер қалыптастыруға, бірлескен жобаларды іске қосуға және халықаралық іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін ортаға айналып отыр.
Форум халықаралық медианың назарында болды
AI & Digital Bridge 2026 жергілікті және халықаралық деңгейде кеңінен ақпараттандырылды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз туры аясында форумға шетелдік БАҚ-тың 17 өкілі келді. Тағы 35 шетелдік медиа өкілі аккредитациядан өтті, олардың 10-ы форум алаңына арнайы келіп, іс-шараны ақпараттық тұрғыда жариялады.
Халықаралық медиапул АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Корея Республикасы, БАӘ, Үндістан және Орталық Азия елдерін қоса алғанда, 20 мемлекеттен 52-ден астам шетелдік БАҚ-ты қамтыды. Бұл Қазақстан мен оның AI-экожүйесінің халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға ықпал етті.
AI & Digital Bridge технологиялық жобаларды дамытуға жағдай қалыптастырады
AI & Digital Bridge 2026 қорытындылары форум айналасында қалыптасып келе жатқан технологиялық экожүйенің ауқымын көрсетеді. Форумға 47 мыңнан астам рет келу тіркелді, күнделікті көрсеткіштердің жиынтығы бойынша 18 мыңнан астам бірегей келуші болды, 429 бірегей спикер, оның ішінде 114 шетелдік спикер қатысты. 106 панельдік сессия өтті, Startup Alley алаңында 96 стартап, 49 IT-компания және 42 жеке стенд жұмыс істеді. Сонымен қатар 61 меморандум мен келісімге қол қойылды.
Сонымен бірге форумның маңызы тек сандық көрсеткіштермен өлшенбейді. AI & Digital Bridge мемлекет пен технологиялық бизнесті, стартаптар мен инвесторларды, әзірлеушілер мен әлеуетті тапсырыс берушілерді, қазақстандық командалар мен халықаралық серіктестерді байланыстырады.
Диалогты нақты жобаларға, инвестициялық байланыстарға, технологиялық шешімдерге және ұзақ мерзімді серіктестікке айналдыру мүмкіндігі форумның негізгі нәтижелерінің бірі болып отыр. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы AI-экожүйе орталықтарының бірі ретінде одан әрі дамуына негіз қалыптастырады.
AI & Digital Bridge 2026 1-3 қазан аралығында Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында өтті. Форумды Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub және Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
AI & Digital Bridge 2026 форумын өткізу серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында мүмкін болды. Форумды өткізуге жұмсалған барлық шығын демеушілік қаражат есебінен жабылды:
GOLD PARTNERS: Freedom Bank, Kaspi Bank, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ.
SILVER PARTNER: Halyk Bank.
BUSINESS PARTNER: Beeline Қазақстан.
BRONZE PARTNER: Yandex Qazaqstan.
DIGITAL PARTNERS: BI Group, Mastercard, Tengizchevroil, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, CITIX.
IMPACT PARTNERS: BI Innovations, Playrix Kazakhstan.
SMART PARTNER: Presight AI.
INNOVATION PARTNERS: KAZ Minerals, Банк ЦентрКредит, BCC-HUB, BTS Digital, Verigram, Lync & Co Kazakhstan.
ECOSYSTEM PARTNERS: Construction Management System, Комита Цифровые Технологии, BI Design Tech, Orientier Technologies, Solana.
CONTENT PARTNERS: Binance Kazakhstan, QazBot, inDrive.
SIDE EVENT PARTNERS: Диалог-Софт, DevRock, Movavi KZ, Перфоманс Эксперт, FoodTech Engineering.
HACK ALEM AI PARTNER: Firebird AI KZ.
TELECOM PARTNER: «Freedom Telecom Operations» ЖШС.
TECH PARTNER: «Транстелеком» АҚ.
OFFICIAL AIRLINE PARTNER: Air Astana.