Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «GULDER» ансамблінің «EXPERIENCE №4: Паванадан қазақ вальсіне дейінгі дәуірлер диалогы» атты концерт-дәрісі өтті. Жоба концерт пен танымдық форматты ұштастырып, көрерменге әр кезеңдегі би мәдениетінің қалыптасу тарихы және әр дәуірдің эстетикалық ерекшеліктері таныстырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бағдарламада павана, менуэт, полонез, вальс, танго, латино және қазақ вальсі орындалды. Жобаның авторлары – «GULDER» ансамблінің бас балетмейстері, халықаралық байқаулардың лауреаты Анвара Садықова мен педагог-хореограф Дана Қуанышбекова.
Концерт-дәріске ансамбль әртістері, өнер қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері және «SAMGA» квартеті қатысты. Кеш барысында ансамбль әртістері көрерменге қазақ вальсіне арналған бағдарлама ұсынып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.