Қазақ әдебиетін әлемнің 125 елінде оқиды

Қазақ әдебиетін әлемнің 125 елінде оқиды
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ қаламгерлерінің шығармалары бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен оқылып жүр. Еуропа мен АҚШ-тан бастап, Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне дейін ұлттық әдебиетімізге қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отандық авторлардың еңбектері ондаған тілге аударылып, шетелдерде жарық көріп, әлемнің жетекші кітапханалары мен университеттерінің қорына еніп жатыр. Қазақ классикасы мен қазіргі қазақ прозасын оқитын шетелдік оқырмандар қатары да көбейіп келеді.

Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының антологиялары БҰҰ-ның алты ресми тіліне – ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдеріне аударылып, жарық көрді. Жалпы таралымы 120 мың дананы құраған жинақтар 90-нан астам елдегі 23 мыңнан астам кітапханаға, жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу орталығына таратылды.

Кейінгі жылдары қазақ әдебиетін өзге тілдерге аудару жұмысы қарқын алды. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы испан тілінде, Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармалары ағылшын тілінде, ал Дулат Исабековтің «Қарғын» романы француз тілінде жарық көрді. Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасы мен Ілияс Есенберлиннің «Айқас» романы қытай тіліне, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі француз тіліне аударылды. Бұған дейін аталмыш шығарма ағылшын, неміс, орыс, өзбек және басқа да тілдерде басылып шыққан.

Шетелдік оқырмандардың қазақ классикасына деген қызығушылығы да жоғары.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы – әлемге кеңінен танылған шығармалардың қатарында.

Отандық баспалар жыл сайын Frankfurter Buchmesse, Bologna Children’s Book Fair, Abu Dhabi International Book Fair, Beijing International Book Fair және The London Book Fair халықаралық кітап көрмелеріне қатысады. Былтыр Қазақстан Франкфурт кітап жәрмеңкесінде 137 кітапты, Болоньядағы балалар әдебиетіне арналған кітап жәрмеңкесінде – 24, Абу-Дабидегі халықаралық көрмеде 27 басылымды таныстырды.

Классикалық мұраны заманауи форматта насихаттауға да ерекше көңіл бөлінеді. «Ұлттық кітап» республикалық байқауының қорытындысы бойынша Гүлмира Амандықованың Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» негізінде жазылған «Ұрпаққа ұлағат. Завет потомкам» еңбегі «Жыл кітабы» атанды. Кітап қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Жалпы жоба аясында туынды әлемнің 12 тіліне аударылған. Басылым Франкфурт, Дели және Гуанчжоудағы халықаралық кітап алаңдарында таныстырылып, ЮНЕСКО кітапханасының қорына табысталды.

Қазақстандық кітаптар халықаралық байқауларда да жоғары бағаланып жүр. 2025 жылы Бакуде өткен «Искусство книги» халықаралық байқауында «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың әміршісі» басылымы Гран-при иеленді.

Ұлттық әдебиетті әлемге танытуда кітапханалар мен цифрлық ресурстардың да үлесі айрықша. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тұрақты оқырмандары арасында Үндістан, Қытай, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония, Франция, Ұлыбритания және басқа да елдердің азаматтары бар.

Ұлттық академиялық кітапхананың ресурстарын әлемнің 120 еліндегі оқырмандар пайдаланады. Ал Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасына 125 мемлекеттен пайдаланушылар кіреді. Шетелдік аудитория әсіресе қазақ әдебиетіне, Қазақстан тарихына, түркі әлеміне арналған зерттеулер мен сирек басылымдарға қызығушылық танытады.

Сонымен қатар шетелдерде қазақ әдебиеті орталықтарының желісі дамып келеді. Бүгінде мұндай орталықтар 41 елдің ұлттық кітапханаларында, соның ішінде Мажарстан, Түркия, Қытай, Франция, Жапония, АҚШ, Италия, Финляндия және Бразилияда жұмыс істейді. Олардың кітап қоры Қазақстанда жарық көрген жаңа басылымдармен тұрақты түрде толықтырылып отырады.