Қасіретті тарих парақтарын ақтарған

Қасіретті тарих парақтарын ақтарған

Астанада Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің басшысы, «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Қасымовтың 75 жылдығына арналған «1920-1950 жылдардағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау саласындағы С.Қасымовтың ғылыми-әдіснамалық қызметі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараны алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізіп, мерейтой иесіне жолданған құттықтау хаттарды оқып берді.

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар мен архив саласының мамандары қатысты. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы төрағасы, саяси ғылымдар докторы Қырымбек Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Ирак Елекеев, Сауытбек Абдрахманов, Зейнолла Алшынбаев, Жақсыбек Құлекеев, Айдос Сарым, жыршы-термеші Баянғали Әлімжанов, Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы және өзге де тұлғалар сөз сөйлеп, Сабыр Қасымовтың ғылымдағы, қоғамдық қызметтегі және елдік мүдде жолындағы еңбегіне тоқталды. Олар мерейтой иесінің азаматтық болмысы мен қайраткерлік келбетінің сан қырын атап өтіп, оның сая­си қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше бағалады.

Қырымбек Көшербаев өз сөзінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Қазақстан тарихы үшін айрықша маңызға ие жұмыс атқарғанын атап өтті.

– Комиссия өз жұмысын аяқтағанға дейін үш жылдан астам уақыт архивтер­дің шаңын жұтып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытында кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізді. Ең алдымен зерттеу, жинақтау және талдау ісіне басымдық берілді. Осы жұмысты үйлестіру үшін Сабыр Қасымов жетекшілік еткен жобалық кеңсе құрылып, оның құрамына белгілі ғалымдар, танымал зерттеушілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері енді. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеу­ші еңбек етті. Оның ішінде 260-тан астам маман өңірлік комиссияларда жұмыс істеді. Нәтижесінде 688 мыңнан астам архив ісі мен 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы анықталып, Президент архивіне тапсырылды. Сондай-ақ 2,6 миллионнан астам құжаттың «құпия» белгісі алынып, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау бағытында қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыстар жүргізілді. Бұл – баға жетпес тарихи мұра, – деген Қ.Көшербаев халқымыздың қилы кезеңдердегі қайсарлығына да тоқталып, мерейтой иесінің осы тарихи ақиқатты зерттеудегі еңбегіне ерекше баға берді.

– Сұрапыл  жылдары  халқымыздың басына түскен нәубет пен қасіреттің ауқымын сараптасақ, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың ашаршылық пен қуғын-сүргіннің қасіретін еңсеріп, тәуелсіз ел болғанына таңданасың. Сан рет қанаты қайырылып, топшысынан айырылса да, иілсе де сынбады, бүгілсе де жығылмады. Туа бітті қайсарлығының арқасында бүгінгі күнге жетті. Сол тарихтың бірден-бір зерттеу­шісі, оның бірегей жаршысы – бүгінгі мерейтой иесі Сабыр Қасымов, – деді ол.