Астанада халықаралық Қарттар күні қарсаңында мерекелік концерт өтті. Іс-шара «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Концертті Қызмет көрсету және туризм колледжі Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы және «Жас Толқын» жастар денсаулық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Сахнада этно-фольклорлық ансамбль, би ұжымдары мен вокалдық топтар өнер көрсетті. Сонымен қатар «Кербез models» модельдік тобының ұлттық киімдер көрсетілімі өтті.
Іс-шараның негізгі тақырыптарының бірі – түрлі буын өкілдерінің өзара қарым-қатынасы және олардың шығармашылық жобаларға бірге қатысу мүмкіндігі болды.
«Бұл концерт маған өте ұнады! Мұнда аға буын өкілдері де, жастар да өнер көрсетті. Жастар бізге қарап, бізден үйренеді. Мысалы, мен Арбаттағы би үйірмесіне барамын және жастардың бізге үнемі қосылып жүргенін көріп жүрмін. Біз бірге билеп, көңіл көтереміз. Сондықтан бүгінгі концерт өте керемет өтті», – деді іс-шараға қатысушы Лариса.
Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапышев мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаттарының бірі ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту екенін атап өтті.
«Ұрпақтар сабақтастығы дегеніміз – аға буынның өмірлік тәжірибесін жастарға жеткізуі. Қарттар күні – Біріккен Ұлттар Ұйымы қоғамның егде жастағы адамдарға назар аударып, олардың осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері үшін алғыс білдіру мақсатында бекіткен халықаралық мереке», – деді ол.
Оның айтуынша, жастар мен егде жастағы адамдардың арасындағы алшақтыққа жол бермеу маңызды. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдері шығармашылық және спорттық іс-шараларға қатысып қана қоймай, заманауи технологияларды да меңгеріп жатыр.
«Біз оларға компьютерлік сауаттылықты, смартфондармен және түрлі қосымшалармен жұмыс істеуді үйретеміз. Бүгінде, жасанды интеллект дәуірінде, біздің орталыққа келушілер ChatGPT, Google, интернет, eGov жүйелерін пайдаланып, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуді және электронды құжаттармен жұмыс істеуді үйреніп жатыр. Ең басты мақсатымыз – егде жастағы адамдарды қоғаммен араластыру, олардың шетте қалмауына жағдай жасау», – деп атап өтті Кенжеболат Бапышев.
Халықаралық қарттар күні 1 қазанда атап өтіледі. Осы күндері Астанада аға буын өкілдерін қолдауға, ұрпақтар арасындағы байланысты дамытуға және белсенді ұзақ өмір сүруді насихаттауға бағытталған іс-шаралар өтіп жатыр.