Есірткі заттарын заңсыз пайдалануға және олардың заңсыз айналымына қарсы халықаралық күнге орай Астана қаласының Психикалық денсаулық орталығында ашық есік күні өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қалалық Психикалық денсаулық орталығының амбулаториялық-емханалық қызмет бөлімінің меңгерушісі Фардана Халықованың айтуынша, медициналық акцияның мақсаты – халықтың психоактивті заттарды қолданудың салдары, тәуелділіктің алдын алу шаралары, сондай-ақ психологиялық, медициналық және әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру.
«Ашық есік күнін біз Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп ұйымдастырдық. Іс-шара бағдарламасына психикалық денсаулық саласының мамандарының кеңес беру қабылдауы енгізілді. Келушілер балалар психиатрының, психологтың және психиатр-наркологтың кеңесін ала алады. Сонымен қатар тәуелділіктің алдын алу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру дәрістері мен әңгімелер өткізіліп, салауатты өмір салты туралы буклеттер мен жадынамалар таратылады. Бұдан бөлек, жүлделер ұсынылатын танымдық викторина ұйымдастырылды», – деді Фардана Халықова.