Қазақстан Республикасы Президенті Архивіне Шейх Зайд мешіті орталығының делегациясы келді. Архив директоры Әлия Мұстафина мен Орталықтың бас директоры, Мәртебелі доктор Юсиф Абдалла Алобаидли кәсіби және мәдени ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесуде тарихи құжаттар мен қолжазбаларды сақтау, архив және кітапхана қорларымен жұмыс істеу, цифрлық мұраны сақтау, сондай-ақ кәсіби және ғылыми тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне назар аударылды.
«Бізді бірнеше кәсіби бағыт тығыз байланыстырады. Олардың қатарында тарихи құжаттар мен қолжазбаларды сақтау, реставрациялау және цифрландыру, цифрлық мұраны ұзақ мерзімді сақтау, сондай-ақ көрме және ғылыми-ағартушылық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары бар», – деді Әлия Мұстафина.

Шейх Зайд мешіті діни нысан ғана емес, ірі мәдени-ағартушылық орталық болып саналады. Онда музей және көрме жобалары жүзеге асырылады, кітапхана жұмыс істейді. Одан бөлек ислам өркениетінің тарихына, өнер мен сәулетке, араб каллиграфиясына, толеранттылық және мәдениетаралық диалог идеяларына арналған жекелеген бағдарламалар бар. Кездесуде, архив және көрме саласындағы ынтымақтастық та сөз болды. Доктор Юсиф Алобаидли Орталықтың жеке фото және видеоархиві бар екенін айтып, Қазақстан басшыларының Шейх Зайд мешітіне сапарларына қатысты материалдарды Президент Архивіне беруге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас тарихына арналған бірлескен көрме жобаларын ұйымдастыру бастамасы көтерілді. Кездесуге қатысушылар екі елдің ұлттық мұрасын, өнерін, дәстүрлері мен тарихын таныстыратын бірлескен көрмелердің мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті. Кездесу соңында Шейх Зайд мешіті орталығы Президент Архивінің кітап қорына мәдени мұраға арналған кітаптарды сыйға тартты. Басылымдар Архивтің Астанадағы оқу залында оқырмандарға қолжетімді болады.