«Отбасы Time» фестивалі өтуде

«Отбасы Time» фестивалі өтуде
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада қала күніне орай 5-6 шілде күндері «Жетісу» саябағында елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған «Отбасы Time» отбасылық фестивалі өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестиваль Астана күніне арналған мерекелік мәдени бағдарлама аясында ұйымдастырылып, барлық жастағы елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылуда. Іс-шара қоғамдық кеңістіктерде отбасылық демалыс мәдениетін дамытуға, балалар мен жастардың шығармашылық белсенділігін қолдауға және елорда тұрғындарына мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама ұсынуға бағытталған.

Фестиваль бағдарламасында балалар мен ата-аналарға арналған шығармашылық шеберлік сабақтары, интерактивті ойындар, анимациялық бағдарлама, концерттік қойылымдар, би және цирк нөмірлері бар.Сонымен қатар ашық аспан астында қазақ мультфильмдерінің көрсетілімі ұйымдастырылып, балалардың шығармашылық және танымдық қабілетін дамытуға арналған тақырыптық аймақтар жұмыс істеуде.

Іс-шара аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған интерактивті форматтар ұсынылды. Қатысушылар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, қалдықтарды сұрыптау және экологиялық әдеттерді меңгеру тақырыптарымен таныса алды. 

Іс-шаралар екі сағаттық форматта — сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін өткізіліп, қала тұрғындарына отбасылық серуен мен демалыс үшін ең қолайлы уақытта мазмұнды бағдарлама ұсынуда.

Фестиваль бағдарламасы үш тақырыптық бағытқа бөлінген: Біріншісі «Сахна таланттары» (5, 6, 25 және 26 шілде). Ашық микрофон форматындағы алаңда кез келген жергілікті талант иесі (баладан бастап аға буын өкіліне дейін) алдын ала кастингтер мен іріктеулерсіз өз өнерін көрсете алады.

Екінші, «TREND UP FEST» (11 және 12 шілде). Контент жасаушылар мен әлеуметтік желі қолданушыларына арналған күн. Бағдарлама аясында челлендждер ұйымдастырылып, бейнероликтер түсіріледі және блогерлерге арналған ашық сахна жұмыс істейді.

Үшіншісі, «JAS BAND FEST» (18 және 19 шілде). Бұл бойынша жастар музыкалық ұжымдарының фестивалі. Қонақтарды жанды музыка, авторлық шығармалар мен танымал әндердің кавер-нұсқалары күтеді.

Фестиваль барысында саябақ аумағында: киберспорт әуесқойларына арналған алаң, демалыс пен еркін қарым-қатынас кеңістігі, барлық жас санаттарына арналған крафт-ойындар аймағы, жедел фотосуреттер түсіруге және әсерлі сәттерді есте сақтауға арналған фотозона секілді арнайы аймақтар жұмыс істейді, сондай-ақ экокеңістік ұйымдастырылуда. 

«Отбасы Time» — отбасылық құндылықтарды нығайтуға және елорда тұрғындарының белсенді демалысын ұйымдастыруға бағытталған шығармашылықты, музыканы және заманауи цифрлық трендтерді біріктіретін Астанадағы қалалық отбасылық фестиваль.