Опера өнерінің майталманы

Опера өнерінің майталманы

Биыл – Қаз КСР және КСРО халық әртісі, Қаз КСР мен КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №13 көпшілік кітапханасында «Опера өнерінің майталманы» атты музыкалық кеш өтті.

Іс-шара барысында әйгілі әншінің өнер жолы мен шығармашылығы кеңінен таныстырылды. Ермек Серкебаев қазақ опера өнерінің дамуына үлкен үлес қосып, халық ықыласына бөленген ерен талант иесі болғаны, қазақ операсының тарихы мен бүгінгі жетістігі осы аңыз тұлғаның есімімен тығыз байланысты екені айтылды.

Ермек Серкебаев Ахмет Жұбанов және Латиф Хамидидің «Абай» операсында – Абайдың, Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сарасында» – Қожағұлдың, Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» және «Қарғаның мәткесінде» Онегин мен Елецкийдің, Джоаккино Россинидің «Севиль шаштаразында» Фигароның, «Асауға тұсауда» Петруччионың партияларын орындағаны, Евгений Брусиловскийдің «Ер Тарғыны» мен Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс батырында» бас партияларды шырқағаны баяндалды.

Әйгілі Кеңес әншілері оның өнерін жоғары бағалады. Атап айтқанда, Дмитрий Гнатюк Ермек Серкебаев­ты «баритон патшасы», Муслим Магомаев «Кеңес Одағының үздік Фигаросы» деп атады. Осы партиямен ол Еуропа мен КСРО-ның көптеген опера театрларында өнер көрсетті. Іс-шара көрермендері мен кітапхана оқырмандары әйгілі әншінің орындауында осы партияны тыңдады.

Ермек Серкебаевтың репертуарында қазақтың халық әндері ерекше орын алды. Оларды әнші жоғары кәсіби дәрежеде орындап, халық ықыласына бөлене білді. Ол шырқаған осындай қазақтың халық әні «Япурайды» және Латиф Хамидидің елге белгілі «Бұлбұл» әнін кештің құрметті қонағы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі Ләйлә Байғара орындады.

Ермек Бекмұхамедұлы қазақ киносының жауһарларына айналған Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», т.б. фильмдерден көрініп, ән шырқағаны белгілі. Жиналғандарға осы кинотуындылардан үзінділер, соның ішінде «Сүйем мен» әні ұсынылды. Кеш соңында оқырмандар Ермек Серкебаевтың репертуарындағы көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтың өлеңіне жазылған белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Жан досым» әнін бірге шырқап, кешті ерекше әсермен аяқтады.