Өнер музейіндегі «Ақсүйек» кеші

Өнер музейіндегі «Ақсүйек» кеші

Елорданың Өнер музейінде ұлттық құндылықтарды заманауи форматта дәріптеуге арналған «AQSUIEK OPEN AIR» атты ашық аспан астындағы танымдық-интерактивті кеші өтті.

Кештің басты ерекшелігі – дәстүр мен жаңа заманның үйлесім табуы. Негізіне қазақтың көне ұлттық ойыны «Ақсүйек» алынған бұл жоба ұлттық мұраны жаңа мазмұнда көпшілікке ұсынды.

«Ақсүйек» – қазақ жастарының зердесін, шапшаңдығын, байқампаздығы мен тапқырлығын шыңдаған ұлттық ойын. Ерте заманда бұл ойын көбіне айлы түнде өткізіліп, жастарды ұйымшылдыққа, достыққа және ұлттық дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеген. Ақсүйек іздеу арқылы қатысушылар ептілігін, зеректігін сынап, ойын-сауықпен қатар тәлім-тәрбие алған.

Ал «AQSUIEK OPEN AIR» кешінде осы дәстүрлі ойынның идеясы жаңа форматта ұсынылды. Бұл жолы сүйек жасырылмады. Оның орнына қатысушыларға қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарына қатысты қызықты сұрақтар қойылды. Әр сұраққа дұрыс әрі жылдам жауап берген қатысушылар ұлттық аспаптар мен арнайы сыйлықтарға ие болды.

Кештің негізгі мақсаты – халқымыздың бай музыкалық мұрасын кеңінен таныстыру, ұлттық аспаптардың тарихы мен ерекшеліктерін қызықты әрі интерактивті тәсіл арқылы насихаттау. Осылайша, «Ақсүйек» ойынының ізденіс, білім, тапқыр­лық және достық бәсеке рухы бүгінгі кеште жаңа мазмұнда жалғасын тапты.

Өнер музейіне тегін экскурсия ұйымдастырылған кеш аясында JOSHY QAZAQ National Group дәстүрлі лекция-концерт пен ұлттық өнердің көркем үлгілерін ұсынды. Алтыбақан жанында шығармашылық батл ұйымдас­­­­тырылды. Сондай-ақ QR-код арқылы сөз табу интерактивті ойыны өткізіліп, жеңімпаздарға қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары сыйланды. Кеш барысында халық арасынан шыққан өнерпаздар да өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ұлттық мұраны жаңа көзқараспен танытқан бұл кеш қазақ мәдениетінің өміршеңдігін, дәстүр мен заманауи өнердің өзара үндесе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.