Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қалай қорғалады?

Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қалай қорғалады?

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Мүгедектікті белгілеу рәсімі үлкен әлеуметтік маңызға ие, өйткені қабылданатын шешімнің объективтілігі азаматтардың әлеуметтік қолдау шараларын, оңалтуды, оңалтудың техникалық құралдарын, әлеуметтік төлемдерді және заңнамада көзделген өзге де мемлекеттік кепілдіктерді алу құқығын іске асыруына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты мемлекет медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің заңдылығын, ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі.

Мүгедектікті белгілеудің басты қағидаты – шешімдерді тек медициналық көрсеткіштерге, тексеру нәтижелеріне және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қабылдау. Әрбір азамат өзінің денсаулық жағдайы жан-жақты, әділ әрі қандай да бір субъективті ықпалсыз бағаланатынына сенімді болуы тиіс. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ұйымдастырушылық, құқықтық, цифрлық және профилактикалық шаралар кешені іске асырылуда.

Бірінші бағыт – нормативтік құқықтық базаны жетілдіру.

Мүгедектікті белгілеу рәсімі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және ағза функцияларының тұрақты бұзылуын бағалаудың бірыңғай өлшемшарттарымен реттеледі. Бұл азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан барлығына бірдей тәсілдерді қолдануға және шешімдерді еркін қабылдау мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін реттейтін нормативтік құқықтық база:

1. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғаудың құқықтық негіздерін, мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау шараларын көрсету тәртібін айқындайды.

2. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі – медициналық тексеру, дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) қызметі және азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу мәселелерін реттейді.

3. «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы – мүгедектікті және еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.

4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары (енгізілген өзгерістермен бірге) – медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізу тәртібін реттейтін негізгі құжат.

5. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен дәрігерлік-консультациялық комиссияның қызметі туралы ереже – медициналық құжаттарды дайындау және азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу тәртібін айқындайды.

6. Медициналық құжаттаманы жүргізу қағидалары – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге қажетті медициналық құжаттардың нысандарын белгілейді.

7. «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы – медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу кезінде азаматтардың дербес деректерін қорғауды қамтамасыз етеді.

8. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің нормативтік құқықтық актілері – жалпы және кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындау, сондай-ақ абилитация мен оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу мәселелерін реттейді.

9. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілері – медициналық тексеру, диагностика жүргізу және медициналық қорытындыларды рәсімдеу тәртібін белгілейді.

10. Өзге де заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер – мемлекеттік ақпараттық жүйелердің электрондық өзара іс-қимылын және әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсетуді реттейді.

Осылайша, Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама қызметі Әлеуметтік кодекс, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық нормативтік құқықтық актілері негізінде жүзеге асырылады. Бұл медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізудің бірыңғай, ашық әрі заңнамамен реттелген тәртібін қамтамасыз етеді.

Екінші бағыт – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру.

Соңғы жылдары ақпараттық жүйелерді пайдалану айтарлықтай кеңейді. Электрондық құжат айналымын енгізу, мемлекеттік ақпараттық базаларды ықпалдастыру және ведомствоаралық деректер алмасу қағаз құжаттардың санын азайтып, материалдарды қарау мерзімін қысқартуға және мемлекеттік қызмет көрсетудің әр кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Цифрлық технологиялар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді, адам факторының ықпалын азайтады және белгіленген рәсімдердің сақталуына автоматтандырылған бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Үшінші бағыт – медициналық-әлеуметтік сараптаманың объективтілігін қамтамасыз ету.

Материалдарды қарау барысында мамандар тек медициналық құжаттарды, клиникалық деректерді және ағза функцияларының бұзылуын бағалаудың белгіленген өлшемшарттарын басшылыққа алады. Шешімдер алқалы түрде қабылданады, бұл әрбір жағдайды жан-жақты қарауға және субъективті шешімдердің ықтималдығын азайтуға ықпал етеді.

Төртінші бағыт – ішкі және сыртқы бақылау.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатында медициналық-әлеуметтік сараптаманың аумақтық бөлімшелерінің қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіледі. Қабылданған шешімдердің өзгертілуі немесе күшінің жойылу себептері талданады, азаматтардың өтініштері зерделенеді, заңнаманың сақталуына тексерулер, қызметтік тергеп-тексерулер және ішкі аудит жүргізіледі.

Негіздер болған жағдайда материалдар заңнамаға сәйкес шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданады.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетімен бірлесіп, мүгедектікті белгілеу мен әлеуметтік қолдау шараларын тағайындаудың негізділігіне жүйелі мониторинг жүргізуде.

Медициналық құжаттаманы талдау нәтижесінде азаматтарды медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу кезінде құжаттарды қолдан жасау белгілері бар жағдайлар анықталды. Бүгінгі таңда республика бойынша осындай 167 жағдай анықталған.

Анықталған барлық фактілер бойынша бақылау куәландырулары жүргізілуде, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, заңсыз тағайындалған әлеуметтік төлемдер тоқтатылып, бюджетке заңсыз алынған қаражатты қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Астана қаласында мұндай заң бұзушылық фактілері анықталған жоқ. Жағдай Департаменттің тұрақты бақылауында.

Бесінші бағыт – құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.

Қызметкерлер арасында профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылады. Заңнаманы сақтау, кәсіби әдеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мүдделер қақтығысының алдын алу мәселелері бойынша тұрақты түрде семинарлар өткізіледі.

Сонымен қатар халық арасында медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібі, қажетті құжаттар тізбесі, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері және қабылданған шешімдерге шағымдану тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Алтыншы бағыт – мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.

Медициналық-әлеуметтік сараптама мамандарының біліктілігін арттыруға, денсаулық жағдайын бағалау әдістемелерін жетілдіруге, оңалтудың заманауи тәсілдерін енгізуге және денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары мен басқа да мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді.

Ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі – мемлекеттік органдардың ашықтығы. Ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өткізіліп, халықпен кездесулер ұйымдастырылады, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндірме материалдары жарияланады. Бұл азаматтардың мемлекеттік жүйеге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Ашықтықты қамтамасыз ету азаматтардың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес екенін атап өткен жөн. Қабылданған шешімдердің заңдылығына күмән туындаған жағдайда азаматтар шағым беруге, заңнамада көзделген тәртіппен шешімдерге дау айтуға немесе ықтимал заң бұзушылықтар туралы құзыретті мемлекеттік органдарға хабарлауға құқылы.

Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Негізгі басымдықтар ретінде процестерді одан әрі цифрландыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту, заңдылық, объективтілік және ашықтық қағидаттарын нығайту айқындалған.

Мүгедектікті белгілеу кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету – мемлекеттің, медицина қоғамдастығының және тұтастай қоғамның ортақ міндеті. Тек заңнаманы қатаң сақтау, заманауи цифрлық технологияларды пайдалану, сапаны тұрақты бақылау және мамандардың жоғары кәсібилігі ғана азаматтардың құқықтарын қорғауға және әділ шешім қабылдауға кепіл бола алады.

Асқар Аймағамбетов,

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің  Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы