Астана қаласы Алматы ауданында «Мерейлі отбасы- 2026» ұлттық конкурсының аудандық кезеңі аясында комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Отырыс барысында комиссия мүшелері байқауға қатысқан отбасылардың конкурс материалдарын жан-жақты қарап, оларды бекітілген бағалау критерийлеріне сәйкес саралады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы институтын нығайтуға бағытталған байқауға қатысушылардың қоғамдық белсенділігі, бала тәрбиесіндегі өнегелі тәжірибесі, еңбек жолы, отбасы дәстүрлерін сақтау мәдениеті және қоғам өміріне қосқан үлесі жан-жақты бағалануда. Әсіресе, қоғамдық пайдалы қызметке араласуы, яғни волонтерлық, меценаттық, тәлімгерлік, қайырымдылық істерге белсенді қатысуы, бала асырап алуы немесе қамқоршылық етуі де – оларды топтан озып шығаратын ерекше талаптар болып отыр.

Алматы ауданы бойынша биыл ұлттық конкурсқа қатысу үшін 57 өтінім келіп түскен. Олардың көбі отбасындағы құндылықтармен қатар, ата-аналары және балаларының жетістіктері жағынан бірінен бірі қалыспайды. Комиссия мүшелерінің шешімімен солардың арасынан 4 отбасы үздік деп танылып, «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық конкурсының Астана қалалық кезеңіне жолдама алады.
Байқауда қатысушылар сайыс нәтижесінже «Берекелі отбасы», «Қайсар отбасы», «»Ұлағатты отбасы», «Үлгілі отбасы», «Өнегелі отбасы», «Салауатты отбасы», «Дарынды отбасы», «Шығармашыл отбасы», «Патриот отбасы», «Интернационалды отбасы», «Мейірімді отбасы», «Жас отбасы» деген 12 аталым бойынша марапатталады.
-Бүгін осы байқаудың аудандық комиссиялық отырысында барлық келіп түскен өтініштерді қарап, талаптарға қайсысы сай келетінін бағаладық. Әр түрлі отбасылар қатысуда, көбі республикалық тіпті халықаралық деңгейдегі зор жетістіктерімен таңқалдырады. Көп балалы отбасылардың да, балаларының тәрбиесімен қоса білімі мен өнеріне де ерекше мән беріп, оларды алға жетелеп, бәйгеден оза шабуына қолдау білдіріп жүрген әулеттердің де, сонымен қатар бір кәсіпті атадан балаға мұра етіп жүрген шаңырақтардың да мәліметтерін көріп, таныстық. Сондықтан олардың арасынан ең үздіктерді таңдау қиын болды, дегенмен комиссия мүшелері бәрін сараптап, саралай келе ең мықтыларды алға шығарамыз, - дейді Астана қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақдәулет Жанділдаев.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы – рухани және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайту мақсатында 2014 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бірегей республикалық жоба. Байқау өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі етіп, ұрпақтар сабақтастығын, ата-ана мен бала арасындағы сыйластықты және ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған.