«Мектепке жол»: Сайлауда сыйлыққа ие болды

«Мектепке жол»: Сайлауда сыйлыққа ие болды
фото: Қалиақбар Үсемханұлы

Нұра ауданындағы №249 сайлау учаскесінде аудан тұрғыны Ниязбек Жәкенов өз таңдауын жасап, «Мектепке жол» акциясы аясында сыйлыққа ие болды. 

Төрт баланың әкесі биыл 3-сыныпқа баратын Айгерімге мектепке қажетті сөмке мен оқу құралдарын алып, қуанышын бөлісті.

«Сумка мен оқу құралдарын әлі алып үлгермеген едік. Бүгінгі сыйлық балама тосынсый болды. Қуанып тұрмын. Мен Қазақстан азаматы ретінде әр сайлауға белсенді қатысып келемін. Өйткені еліміздің ертеңі үшін әрбір дауыс маңызды» деді Ниязбек Жәкенов.

Айта кетейік, «Мектепке жол» – жаңа оқу жылы қарсаңында жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтетін республикалық қайырымдылық акциясы. Оның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың, сондай-ақ жетім балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарын алуға қолдау көрсету.

№249 учаскеде өткен бұл игі бастама сайлауға қатысушыларға қолдау көрсетумен қатар, балаларға жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл күймен бастауға мүмкіндік берді.