Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен ABEEK Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен ABEEK Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Сеул қаласында (Корея Республикасы) Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Кореяның инженерлік білім беруді аккредиттеу кеңесі (Accreditation Board for Engineering Education of Korea, ABEEK) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюдың ресми рәсімі өтті, хабарлайды astana-akshamy.kz

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары және оның «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммитіне қатысуы аясында өтті. Саммит шеңберінде Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мемлекетаралық және институтаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар ресми іс-шара ұйымдастырылды.

Ресми рәсім барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен ABEEK арасында құжаттарды салтанатты түрде алмасу рәсімі өтті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Ерлан Батташұлы Сыдықов пен ABEEK Президенті У Сын Ким Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойып, екі ұйым арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне ресми түрде бастау берді.

Меморандумға қол қою инженерлік және IT-білім беру, білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуден өткізу, кәсіби тәжірибе және жоғары білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы озық тәжірибелермен алмасу бағыттарында өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға негіз қалыптастырады.

ABEEK халықаралық деңгейде кеңінен мойындалған ұйым болып табылады және инженерлік білім беруді халықаралық аккредиттеу жүйесінде маңызды орын алады. ABEEK деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Корея Республикасының 69 университетінде 281 білім беру бағдарламасы аккредиттеуден өткен.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін ABEEK-пен ынтымақтастық стратегиялық маңызға ие. Бұл өзара іс-қимыл инженерлік және IT-білім беру сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредиттеуді дамытуға, сапаны қамтамасыз етудің озық тәсілдерін енгізуге, сондай-ақ түлектер біліктілігінің халықаралық деңгейде танылуын күшейтуге бағытталған.

Меморандумға қол қою ЕҰУ-нің халықаралық әріптестігін кеңейту және Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы академиялық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Тараптар жоғары білім сапасы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігіне қойылатын заманауи талаптарға сай ынтымақтастықты кезең-кезеңімен дамытуға және бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендерін білдірді.