Бүгін Астанада жаңбыр жауып тұр. Соған қарамастан ел азаматтары сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасауда.
Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында орналасқан №277 сайлау учаскесіне Астана қаласы әкімдігінің Жастар театрының директоры, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мақпал МЫСА, театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай келіп, дауыс берді.

«Бала кезім есіме түсіп тұр. Бұрын сайлау дегеннің өзі бала көңілге мерекедей көрінетін. Үлкендермен бірге сайлау учаскесіне баратынбыз. Тәтті үлестіретін. Елдің бәрі бір күнге ерекше көңіл-күйге енетін», – дейді Нұрқанат Жақыпбай.
Ал, Жастар театрының директоры Мақпал Мыса уақыт өзгеріп, сайлаудың сипаты да өзгергенімен, адамның өз еліне деген жауапкершілігі өзгермеуі керек дейді.
«Бүгін біз театрда дауыс бердік. Мен үшін бұл да символдық нәрсе. Себебі мәдениет пен өнердің ортасында жүріп, елдің болашағы туралы ойланбау мүмкін емес. Мәдениет – адамның талғамын ғана емес, қоғамның санасын қалыптастырады. Ал саналы қоғам өзінің таңдауына да жауапкершілікпен қарайды», – деді өнер иесі.
Күн райының қолайсыздығына қарамастан, №277 сайлау учаскесіне келіп жатқан азаматтардың қарасы қалың. Бұл – тұрғындардың азаматтық белсенділігі мен өз таңдауына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.