Көше тазалығына жауапты жүргізуші

Көше тазалығына жауапты жүргізуші
фото: Әмір Теміржан

Елорда көшелерінің күн сайынғы тазалығын жүргізетін қарапайым еңбек адамдарының бірі - «Астана Тазалық» ЖШС Есіл ауданы бойынша арнайы техника жүргізушісі Нұржан Өтеген. Сыр елінен бас қалаға 11 жыл бұрын көшіп келген бойда осы серіктестікке көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасқан ол бүгінде «Ердемли» вакумдық шаңсорғыш машинасын жүргізіп, ауысымдық жұмысында күн сайын орталық басты көшелерді қоқыстан тазалайды.  

        Елуді енді еңсеретін Нұржан Өтеген жазда, яғни мамыр айынан бастап қазан айының ортасына дейін осы шаңсорғыш көлікті айдаса, қар түскен бойда көктемге дейін қар итеретін Mercedes-Benz Schmidt көлігіне отырады. Көлік жүргізуде тәжірибесі мол кейіпкеріміз арнайы қондырғылары көп мұндай техникаларды жүргізуді жақсы меңгергені және жұмысына деген асқан жауапкершілігі үшін Астананың ең маңызды ауданы Есілдің көшелерін тазалауға бөлінген. Жұмысына таңғы 7.30-да жетіп, алдымен медициналық тексеруден өткен соң қай көшені тазалайтыны туралы жолдама алады. Сосын көлігіне отырып, таңғы 8.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін 4 көшені, нақты айтқанда, бордерлердің қуысында жиналып қалған жапырақтар мен қалдықтарды шаңсорғышпен сыпырып, вакуум арқылы бункер ішіне жинайды. Осылай ол 1,5 сағатта бір көшені тазалауды аяқтап, арнайы қоқыс тастайтын орынға барып қоқыстарды төгіп, көлігін тазалап, келесі көшелерді тазалауға кіріседі.  

 -Бір ауданға 4 техникадан бөлінеді, соның екеуі осы «Бәйтерек» монументі аумағы, Ақорда тұсындағы басты көшелерді тазалайды. Тағы екеуі ЭКСПО көрмесі аумағын тазалап жүреді. Әр көшені жинағанда 1 немесе 1,5 текше метр қоқысты шығарамыз. Техниканың бункерінде 87 аттың күші бар, көлікті оталдырып қосқан кезде щетка айналады, ол бордер жиегіндегі қоқысты шахтаға қарай бағыттап, оны вакуум арқылы бункерге тартады. Бұл көлік нақты маған бөлінген, сондықтан оның ақауы болса алдын ала байқап, механиктерге айтып отырамын, ал тазалығына өзім жауаптымын. Жалпы біз көшені күн сайын тазалағанда сағатына 10-15 км жылдамдықпен баяу жүріп отырамыз. Мұндай жылдамдықпен жүруге де жүйке жүйесі сау адам керек, көбінің оған шыдамы жете бермейді, - дейді Н. Өтеген.

  

     Екі күн күндіз шыққан соң ол түнгі ауысымға келеді. Кешкі сегізден таңға дейін тура осылай жұмысын істеп, үйіне барып тынығады. Оның ауысымдық жұмысына отбасы да әбден үйренген. Локомотив машинистері сияқты олар да түннен шыққан соң тынығып демалуы міндетті. Ондай кезде үйде де, жұмыста да оны ешкім мазаламайды.

        

  Бес баланың әкесінің жары – аспаз. Екеуі де адал еңбек, маңдай терімен балаларын өсіріп, оларға өз өмірімен үлгі-өнеге болып келеді. Жазда түскі асын өзі алып келіп, көлігінде ішсе, қыста жұмыстан тегін беріледі. Еңбек шартына сәйкес айына 4 рет кез келген тосын жағдайда жұмыстан сұрана алады. Табысы тұрақты, балаларын мекемеде жылда лагерьге жібереді. Ұжымда тыңғылықты қызметі, жауапты жұмысы мен тиянақтылығы үшін ол талай рет марапаттарға ие болды. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен еңбек адамына ерекше көңіл бөлініп жатқанына ризашылығын білдірген кейіпкеріміз: «Астана –  еліміздің жүрегі. Оның тазалығы бәріміз үшін маңызды. Сондықтан қала тазалығын барынша сақтауға шақырамын», деп сөзін түйіндеді.