Кітапқұмарлар – Есіл бойында

Кітапқұмарлар – Есіл бойында

Өткен ғасырдағы тоқсаныншы жылдардың басында қолына телефон ұстаған әлдекімді көріп қалсақ, қайран қалатынбыз. Ал қазір, 21-ғасырдың ширек тұсынан асқанда кітап оқыған адамды байқасақ, ішіміз жылиды. Нағыз мәдениеттің иесін көргендей сүйінесің. Президенттің «кітап оқитын ұлт» деген саясатына сай түрлі шаралар өтуде. Соның ықпалы, әлде қоғамның өзінің ықтияры, соңғы кезде кітап оқу қайта үрдіске айналып келе жатқандай. Оны Астанадағы Есіл өзенінің бойымен қыдырыстап жүргенде жиі аңғарасыз. Мұндай көрініс «Ботаникалық бақта» да байқалмайды, тек Есілдің бойынан аңдайсыз.

Келесі көңіл аударатын нәрсе, кітапты қыз балалар көбірек оқиды екен. Арасында жазу жазып отырғандар да бар. «Не жазып отырсың?» деп сұрау, әлбетте артық. Байқатпай суретке тартып алғанның өзі әбестік. Бізге керегі де – оның жеке әлеміне араласу емес. Бізге керегі – кітап оқып отырған адамның әлі де бар екеніне қуану.

Сонымен қатар бұл жандардың қандай тақырыптағы кітапты оқып отырғанын біз білмейміз. Қуантқаны – кітап оқу мәдениетінің үзілмегендігі. Арасында жатып ап оқып жатқандары да бар. Бірақ бір нәрсені ұмытпаған жөн: әр­алуан суретті көрсету – кітап оқитын қоғам қалыптасты деген сөз емес.

Айтпағымыздың негізгі өзегі – «кітап оқу қайта сәнге айналды» деген қуаныштан әрі өтіп, «кітап оқуды науқаннан тұрақты мәдениетке қалай айналдырамыз?» деген мәселеге тоқталу.

Егер шын оқырмандарды іздесеңіз, Есіл өзенінің бойына барыңыз.

 

Әділбек Ыбырайымұлы,

жазушы