Кітап оқу дәріптелді

Кітап оқу дәріптелді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұйымдастыруымен «Менің қолтаңбам» жобасы аясында балаларға арналған Брайль қарпімен жарық көрген «Айналайын» кітабының тұсаукесері және кітаптың жарық көруіне себепкер болған ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі «Білте» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мысамен кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

«Айналайын» кітабына балаларға арналған шығармалар жазған 22 автордың туындылары енгізілген. Жинақтың негізгі мақсаты — көру қабілеті бұзылған балалардың ана тіліндегі әдеби шығармаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білімін ана тілінде дамытуға және рухани-танымдық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік жасау.

Іс-шара барысында Мақпал Мыса балалармен кездесіп, өзінің шығармашылық жолы, ақындық өнері, кітап пен әдебиеттің бала тәрбиесіндегі маңызы, ана тілін дәріптеу және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырудың маңыздылығы туралы ой бөліседі. Кездесу барысында балалар ақынға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еркін форматта пікір алмасты.

Кездесу бағдарламасында «Айналайын» кітабының тұсаукесері, жинаққа енген шығармалардан үзінділер оқу және музыкалық номер қарастырылған. Іс-шараның қорытынды бөлімінде Брайль қарпімен жарық көрген «Айналайын» кітаптары балаларға сыйға тартылды. 

Аталған іс-шара көру қабілеті бұзылған балалардың мәдени және ақпараттық ортаға тең дәрежеде қатысуына жағдай жасау, қазақ тіліндегі әдебиеттердің қолжетімділігін арттыру және инклюзивті кітапхана қызметін дамыту бағытындағы маңызды мәдени-ағартушылық бастама болып табылады.

«Айналайын» кітабының жарық көруі балалардың ана тілінде білім алуына, әдеби шығармалармен танысуына және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруына ықпал етеді.  

«Осыдан бірер жыл бұрын зағип балаларға арналған «Айналайын» деген кітап шығарғанбыз. Мұның ішінде әңгімелер мен өлеңдер бар. Бұл кітаптар Түркияда жоқ. Өйткені бұған лайықты типография болмай тұр. Осы кітаптар балаларға сыйға тартылды. Бұл бағытта қазақ тілінде кітаптар тапшы. Методикалық тұрғыда 11 сыныпқа дейін қамтылмаған. Сондықтан осы салаға көңіл бөлсе қоғамның бір кетігі бүтінделер еді, – деді ақын Мақпал Мыса.