Астана қаласы Музыкалық жас көрермен театрының VІ маусымы әдеттегідей «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен (авторы – заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) жабылды.
Осы маусымда өнер ұжымы бірнеше премьераны ұсынды. Соның ішінде ең ауқымдысы – белгілі жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаевтың қаламынан туған «Шәкәрім» музыкалық драмасы. Асхат Маемиров сахналаған спектакльде бір мезетте 105 актерден тұратын толық құрам бір сахнада өнер көрсетті. Ұзақтығы 4 сағатқа созылатын бұл туынды жас театр репертуарында ең көлемді әрі ең ұзақ қойылымдардың біріне айналды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген спектакль премьерасы 700 орындық үлкен сахнада 3 күн қатарынан аншлагпен өтіп, әзірге театр тарихындағы ең айтулы жобалардың бірі болып отыр.
«Шәкәрім» музыкалық драмасы өткен жылдың қорытындысы бойынша «Адырна» ұлттық порталының әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамасының қорытындысында «Ең үздік қойылым» аталымында жеңімпаз атанды. Ал осы спектакльде Ебіней Бөкетовтің бейнесін сомдаған жас актер Ернар Мұхамбет Қазақстан сыншылары бірлестігінің «Үміт» аталымын иеленді.
Музыкалық жас көрермен театрының ашылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «MTUZ-Fest» I театр қойылымдары фестивалінде де спектакльге қатысқан актерлер олжалы болды. Атап айтқанда, Абзал Қарасартовтың бейнесін сомдаған Мұхамедсаид Бағашаров «Екінші пландағы үздік ер бейнесі» аталымын, Шәкәрімді ойнаған Аян Өтепберген «Үздік тарихи бейне» аталымын және Оразалы Игілік (Шәкәрім рухы бейнесі) «Үздік ер бейне» аталымын иеленді.
Өткен маусымда Музыкалық жас көрермен театры «Наурыз-думан» атты алғашқы танымдық-сазды қойылымын ұсынды. Мұнда театрдың жас буын актерлеріне ашылуға мүмкіндік берілді. Осы маусымның тағы бір премьерасы – «Екі ғұмыр» драмасы (авторлары – Қолқанат Мұрат пен Асхат Молдағали, қоюшы режиссері және сахналық нұсқасын жасаған – Асхат Маемиров, режиссері – Бауыржан Нұрбай). Бұл – нашақорлық мәселесі мен жастар өмірін арқау еткен драма. Қойылым ар-ождан мен шындықтың, адам мен ортаның арасындағы шынайы қақтығысты суреттейді.