Елордада бейнебақылау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілді: Smart City жобасы аясында Жол қозғалысы ережесінің сақталуын тіркеудің 1,2 мыңнан астам кешені іске қосылды, ал Ахуал орталығына 60 мыңнан астам камера біріктірілді, бұл автоматты түрде тіркелетін ереже бұзу оқиғаларын 4-тен 15 түрге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Қаланың көше жолдарына артып келе жатқан жүктемені ескере отырып, елордада көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жасанды интеллект базасында бейнеаналитиканың 35 түрін енгізу ЖКО санын 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді», — деді ол.
Бүгінде Астанада 471 мың көлік құралы тіркелген. Ол жыл сайын 25-30 мың көлікке өсіп отырады. Көлік ағындарын басқару интеллектуалды ITS жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Оған бағдаршам нысандарының 80%-ы кіріктірілген. Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы бүгінде 12 мобильді кешенді іске қосты. Ол күн сайын 3 мыңнан астам ереже бұзу деректерін тіркейді.