Инклюзия – тең мүмкіндік пен әділетті қоғамның негізі

Инклюзия – тең мүмкіндік пен әділетті қоғамның негізі
фото: жеке мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында отбасы мен бала институтын қолдау және инклюзивті қоғам қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуді күшейтіп, балаларға медициналық және әлеуметтік көмек көрсетудің сапасын арттыру, оңалту орталықтарының қолжетімділігін кеңейту міндеттерін атап өтті.

Жолдаудағы нақты тапсырмалардың бірі – балаларға жақын әрі қолжетімді болу үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту. Бұл міндеттер инклюзияны сөз жүзінде қолдаумен шектемей, оны нақты әлеуметтік саясат арқылы жүзеге асырудың маңызын көрсетеді.

Депутат ретінде мен бұл тапсырмаларды іске асыруда бірнеше бағытқа басымдық беру қажет деп санаймын.

1) Оңалту қызметтері әр отбасы үшін қолжетімді болуы керек.

2) Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасалуы тиіс.

3) Балаларды қолдау шаралары олардың жеке қажеттіліктерін ескеріп, медициналық, әлеуметтік және білім беру қызметтерінің өзара үйлесімділігін қамтамасыз етуі қажет.

Инклюзия – әр баланың қабілетін ашуға, білім алуына, спортпен айналысуына және өз болашағын қалыптастыруына мүмкіндік беру. Бұл ретте ата-аналарды қолдау, мамандардың біліктілігін арттыру және қоғамда өзара құрмет мәдениетін нығайту да маңызды.

Сондықтан, Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Елдос Баялышбаев,

Құрылтай депутаты