Елордадағы «Жастар» театрында тыйым салынған заттарды қолдану мәселесі мен оның салдарына арналған «Соңғы аялдама» әлеуметтік драмасының көрсетілімі өтті. Қойылым есірткі қылмысының алдын алуға және жастардың өз денсаулығы мен болашағына саналы түрде қарауын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спектакль желісі мен кейіпкерлердің тағдыры арқылы көрерменге қате таңдаудың салдары көрсетіліп, өз өміріне жауапкершілікпен қараудың және қауіпті әдеттерден бас тартудың маңыздылығы түсіндірілді.
Спектакльдің көрсетілуі жастар арасында профилактикалық жұмыс жүргізудің бір тәсілі болды. Бұл бағыт білім беру, спорт, ақпараттық және қоғамдық жобалармен қатар жүзеге асырылады. Мәдени шаралар арқылы жастарға қоғамдағы маңызды мәселелерді өнер тілімен түсіндіруге мүмкіндік бар.
Бұл жұмысты елордалық полиция мен Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасы бірлесіп жүргізіп келеді. Бірлескен жобалар жастарға тыйым салынған заттарды қолданудың салдарын әртүрлі тәсілмен түсіндіруге жол ашады.
Мұндай жобалардың мақсаты – тыйым салынған заттарды қолданудың қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін жастарға түсіндіру. Сондай-ақ олардың өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қарап, қауіпсіз өмірді таңдауға ықпал ету.