Елорданың Есіл ауданы қарқынды дамып, қаланың ең серпінді өсіп келе жатқан аудандарының біріне айналып отыр. Заманауи тұрғын үй кешендері, іскерлік орталықтар мен қоғамдық кеңістіктердің шоғырлануы халық санының артуына және қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктеменің көбеюіне ықпал етіп отыр. Соның нәтижесінде инфрақұрылым сапасына қойылатын талаптар да күшейіп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Есіл ауданын дамыту барысында тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта аулалар абаттандырылып, көше-жол желісі жаңғыртылуда, жасыл желек көбейтіліп, жарықтандыру жүйесі жетілдіріліп жатыр.
Сонымен қатар санитарлық тазалықты сақтау мен қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыс жүйелі жалғасып келеді.
Қазіргі таңда ауданда 399 аула бар. Оның 363-і абаттандырылған, бұл жалпы көрсеткіштің 91 пайызын құрайды. Өткен жылы 12 аулада кешенді жаңғырту жұмысы жүргізілді. Ал биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы 5 ауланы абаттандыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар iKOMEK 109 жүйесі арқылы тұрғындардан келіп түскен өтініштер де назардан тыс қалмайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді.
Жаяу жүргіншілер мен көлік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қазіргі уақытта Қабанбай батыр даңғылынан Мәңгілік Ел даңғылына дейінгі Орынбор көшесінде жаяу жүргіншілер жолының 10 мың шаршы метрден астам аумағын жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы жүріп-тұруына жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар аудан аумағында жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Оның аясында гранит және мәрмәр плиталар қалпына келтіріліп, тас төсемдер жөнделуде. Металл конструкциялар, орындықтар мен қоршаулар сырланып, жиектастар жаңадан орнатылып немесе ауыстырылуда. Бұдан бөлек, сырлау жұмысы жүргізіліп, шағын сәулет нысандары жаңартылып жатыр. Мұндай жүйелі жұмыс қаланың көркін сақтап, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Ауданды дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – көгалдандыру және көгалды орындарды күтіп-ұстау. Қазіргі таңда Есіл ауданында 220 мыңнан астам ағаш, 500 мыңға жуық бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, шамамен 5 миллион шаршы метр көгал және 117 мың метрден астам шынай қоршау бар.
Биыл аудан аумағына қосымша 26 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Көгалдандыру жұмысы Ұлы Дала және Қабанбай батыр даңғылдары, Керей-Жәнібек хандар көшесі бойында, сондай-ақ EXPO саябағы, «ҚТЖ» гүлзары, Әл-Фараби атындағы мешіт аумағы және қаланың келбетін айқындайтын өзге де қоғамдық кеңістіктерде жүргізілді.
Сыртқы жарықтандыру жүйесін дамыту да басты бағыттардың бірі болмақ. Ауданда 16 мыңнан астам көше жарығының тірегі орнатылып, оларға 20 мыңнан астам жарық шамы орналастырылған.
Жарықтандыру жүйесіне тұрақты түрде техникалық қызмет көрсетіліп, оның үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіліп отыр. Бұл кешкі және түнгі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ауданның санитарлық тазалығы жыл бойы қамтамасыз етіледі. Басым бағыттардың бірі – заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес.
Мониторинг барысында бұрын тазартылған аумақтарда қоқыстың қайта жиналу мәселелері анықталды. Жалпы бес негізгі қоқыс ошағы тіркеліп, бүгінге дейін ол жерлерден 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында мониторинг пен жедел әрекет ету шаралары жалғасып жатыр.
Есіл ауданында абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.