Елімізде медицина мекемесіне тіркелу тәртібі өзгереді. Енді қазақстандықтар емхананы кез келген уақытта ауыстыра алады. Қазір құжат қоғам талқысына шығарылды.
«Биылдан бастап жыл сайынғы бекіту науқаны алынып тасталады. Яғни тұрғындар бұрынғыдай 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығын күтпей-ақ, өзіне ыңғайлы емханаға кез келген уақытта ауыса алады. Бірақ таңдалған мекеме азамат тұратын ауданда, яғни үйге неғұрлым жақын болуы керек. Бұл мүмкіндік жылына бір-ақ рет беріледі. Ал қоныс аударған азаматтар бұрынғыдай жаңа мекенжайына жақын емханаға тіркеле алады» делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.