Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Астана қаласының қорғаныс бөгетін реконструкциялау жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жобада елорданы су тасқынынан қорғау мақсатында бөгетті ұзарту, автоматты су ағызу құрылысы, сондай-ақ су жеткізетін және су ағызатын каналдар салу көзделген.
Жобаны іске асыру халықтың қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға, тұрғын аудандарды, әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың туындау ықтималдығын азайтуға және ірі су тасқыны кезінде қосымша сенімділік резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін министр Преображенский гидроторабына барды. Мұнда қосымша автоматты су ағызу құрылысын салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар да Астана қаласының қорғаныс бөгетін реконструкциялау жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта гидроторапта механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов Астана су қоймасына барды. Бүгінде осы нысанның құрылыстарын реконструкциялау және жаңғырту бойынша жобалау-сметалық құжат әзірленді. Қазіргі уақытта жоба «Мемсараптама» РМК-ның қарауында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Астана су қоймасын тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысқан министр осы бастамалар аясында жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау және басқа да жұмыстарды бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
«Бүгінде Ақмола облысында жергілікті тұрғындар мен іргелес өңірлердің халқын су тасқыны мен оған байланысты қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, қорғаныс бөгетін реконструкциялаумен қатар, Есіл контрреттегішін салуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар судың қосымша көлемін жинақтауға, сондай-ақ еріген қар суын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты барлық дайындық және құрылыс-монтаждау жұмыстарының уақытылы әрі сапалы орындалуына толық бақылау орнату қажет», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.