Елордада жүк көлігінен аккумулятор ұрлаған күдікті ұсталды

Елордада жүк көлігінен аккумулятор ұрлаған күдікті ұсталды
фото: Астана қаласының Полиция департаменті

Елордада Алматы аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Келес көшесінің бойында тұрған жүк көлігінен аккумулятор ұрлады деген күдікпен 35 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тергеу барысында күдіктінің «Shacman» маркалы жүк көлігінен «Bars» маркалы екі аккумуляторды жасырын түрде қолды еткені анықталды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 160 мың теңгені құрайды.

Ұрланған аккумуляторлар үшінші тұлғаларға сатылып үлгермеген. Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Астана қаласы Полиция департаменті мүліктік қылмыстардың алдын алу мақсатында көлік иелеріне автокөліктерін күзетілетін, жарықтандырылған орындарға қоюға, қосымша қорғаныш құрылғыларын (бекіткіштер, дабылқаққыштар) пайдалануға, сондай-ақ күдікті тұлғалар байқалған жағдайда бірден «102» арнасына хабарлауға шақырады.