Елордада «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum халықаралық туристік форумы өтуде

Елордада «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum халықаралық туристік форумы өтуде
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum халықаралық туристік форумы өтуде. 17-19 қыркүйек аралығына жоспарланған форум биыл «Тәуекелсіз туризм» тақырыбына арналды. Үш күндік форумды «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры мен ҚР Туризм және спорт министрлігі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Форум Дүниежүзілік туризм күніне және Қазақстан Республикасы азаматтарының шығыс туризм саласындағы құқықтарын кепілдендіру жүйесінің он жылдығына арналған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, туристік бизнес өкілдерінің, әуе компаниялары мен қонақүй саласының мамандары, сондай-ақ халықаралық серіктестер қатысып, туризмді қауіпсіз дамыту мәселелерін талқылауда. 17 қыркүйекте форум қатысушылары үшін елорданың туристік инфрақұрылымымен танысу бағдарламасы ұйымдастырылды. Оның аясында Астана бойынша шолу экскурсиясы және қонақүй нысандарына инфотур өткізілді. Форумның негізгі іскерлік күні 18 қыркүйекте EXPO халықаралық көрме орталығында өтуде. Бағдарламада панельдік пікірталастар мен сараптамалық сессиялар, B2B кездесулері, туристік өнімдердің таныстырылымдары, халықаралық көрме экспозициясы және келісімдерге қол қою рәсімі қарастырылған. Форум аясындағы көрмеге Қазақстанның ірі туроператорлары, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және еліміздің туристік агенттіктері, әуекомпаниялары, ұлттық туристік ведомстволар өкілдері, халықаралық отельерлер, қауымдастықтар, DMC-агенттіктер қатысуда.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз алған ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев соңғы үш жыл қатарынан өтіп келе жатқан бұл іс-шараның ауқымы жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан туризмінің кейінгі жылдардағы даму көрсеткіштерін таныстырды. 2019-2025 жылдар аралығында ішкі туристер саны 6,6 млн-нан 11 млн адамға, ал келушілер саны 8,5 млн-нан 15,8 млн адамға өсті. Сонымен қатар туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де едәуір артқан. Елімізде туристік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда еліміздің 10 негізгі өңірінде жеке туризм басқармалары жұмыс істейді. 11 өңірде туристік ақпараттық орталықтар, ал республика бойынша 23 визит-орталық қызмет көрсетеді. Соңғы бір жылда курорттық аумақтарда шамамен 10 жағажай аймағы абаттандырылды.

Іс-шара төрт маңызды панельдік сессиядан тұрып, соның барысында туризм саласының сарапшылары қызмет көрсету саласында өзара кепілдік беру үшін жағдай жасау, туризм саласындағы шекара маңы ынтымақтастығын дамыту, туроператорлар мен турагенттіктердің тиімді өзара іс-қимылы, ұйымдастырылған туризм: жауапты туризм құру арқылы сенім тренді, туризмдегі жосықсыз қызметтің алдын алу және жолын кесу, әсер урбанистикасы және оқиғалар туризмі деген тақырыптар аясында пікір алмасты.  Форум барысында бірнеше келісімдер мен меморандумдарға қол қойылып, жаңа өнімдердің, халықаралық туристік бағыттардың таныстырылымы өтті. Сонымен қатар «Үздік туристік ауыл – 2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Көрмеге елордадан қатысушы Astana RedBus Tour PR маманы Қымбат Маратованың айтуынша, Бурабай мен Астанаға экскурсиялық тур ұйымдастыратын компания қызметі елордада 2024 жылдан бергі 2 жылда 2 миллионнан астам туристерге көрсетілген.

        -Біз бүкіл маусымда жұмыс істейміз. Бірақ әрине жаздың үш айы - туристер ең көп болатын уақыт. Қыс пен көктемде де еліміздің түрлі өңірлерінен туристер келіп жатады. Астанада туристерді ең қызықтыратын көрнекі орындар – Ұлттық музей, «Бәйтерек» монументі және қаланың ескі бөлігі, яғни оң жағалауды да, соның ішінде Республика даңғылы бойын аралағысы келетіндер көп. Жылына орташа есеппен 100 мыңнан аса туристерге экскурсия ұйымдастырамыз. Биыл біз «Түнгі Астана» деген жаңа жобаны бастадық, ол кешкі 20.00-де басталады, келушілер өте көп, себебі елордалықтар бұл уақытта жұмыстан кейін демалуға уақыт табады. Аудиогид кәсіби білікті, 8 тілде ақпарат таратады. Оны кейбір нысандардың жабылуына байланысты жаңарттық. Жалпы автобуспен таңертең сағат 11.00-ден кешкі 20.00-ге дейін 5 экскурсия өткіземіз. Билеттер бағасы ересектер үшін – 6000 теңге, зейнеткерлер, көп балалылар, балалар, 2-3 топтағы мүгедектер үшін билет бағасы - 3000 теңге. Ал журналистер мен жасы 75-тен жоғары адамдарға, 1-топтағы мүгедектер мен оларды ертіп жүретіндерге автобуста жүру тегін, - дейді ол.

  

      Форумға қатысқан «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ туристік өнімдерді дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы Ерлан Шәкәрімовтің айтуынша, туристердің Астанаға деген қызығушылығы айтарлықтай өзгеріп, әртүрлі сипат алуда. Бұрын елорда негізінен іскерлік және оқиғалық туризм орталығы ретінде қабылданса, бүгінде қала қонақтары оны саяхаттың дербес бағыты ретінде жиі қарастырады.

        -Туристердің талғамына келетін болсақ, шетелдік қонақтар көбіне елдің мәдениетімен, дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен және танымал көрікті жерлерімен танысуға ұмтылады. Әдетте, жаңа бағытпен алғашқы таныстық мәдени тәжірибеден басталады. Шетелдік туристер үшін Қазақстанның тарихын, бірегейлігін және заманауи бейнесін көрсететін монументалды нысандар үлкен қызығушылық тудырады. Қалалық клиникалардың халықаралық таныстыру іс-шаралары арқылы ілгерілетіліп жатқан жоғары технологиялық медициналық туризм де туризмді дамытудың маңызды бағыттарының біріне жатады. Ішкі туристер, керісінше, көбіне жаңа әсер алу, заманауи қалалық демалыс пен сапалы инфрақұрылымды іздейді. Бұл тұрғыда Астана жайлылықтың жоғары деңгейімен, заманауи сәулетімен және үнемі өзгеріп отыратын қалалық ортасымен баурап алады. Елорда демалуға, іс-шараларға қатысуға, гастрономиялық жаңалықтар ашуға және уақытты белсенді өткізуге әртүрлі мүмкіндіктер ұсынады. Ұлттық нақыш пен заманауи мегаполистің үйлесімі Астананы шетелдік қонақтар үшін де, Қазақстанның өңірлерінен келетін туристер үшін де тартымды етеді, - дейді ол.

         Былтыр Астанаға келген туристер саны 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға артып, 1 604 825 адамды құрады. Оның ішінде 380 301 адам — шетелдік туристер, ал 1 224 524 адам — ішкі туристер. Елордаға ең көп турист келген бес елдің қатарына Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ енді. Бүгінде Астанада 18 мыңнан астам адамды бір мезетте қабылдай алатын 317 қонақ үй мен орналастыру нысаны жұмыс істейді.

      Форумда туристердің құқықтарын қорғау, нарық қатысушыларының жауапкершілігі, ұйымдастырылған туризмді дамыту, цифрлық трансформация, сатудың жаңа арналары және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне де басты назар аударылуда.

         -Біз Астана бойынша туризмді дамыту ісімен айналысамыз, сол бағытта жұмыс істейтін бірнеше департаменттеріміз бар. Елордадағы барлық туристік нысандар туралы ақпарат алуға болатын әлеуметтік желілердегі парақшаларымыз ашық. Ақпараттандыру бойынша әуежай мен «Бәйтерек» монументі түбінде 2 дүңгіршегіміз ашылған. Ұшақтан түскен бойда туристер соған келіп, қаланың көрнекі орындары мен қонақүйлері, оған баратын қоғамдық көліктер және басқа да ақпараттарды алу үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жазылған арнайы буклеттер және туристік карталарды тегін алады. Жылдың басынан бері осындай 10 мыңнан астам туристке қызмет көрсетілген болса, соның 70 пайыздан астамы – шетелдік қонақтар. Оның ішінде Астанаға Ресей, Германия, Қытайдан келетін туристер саны көп. Жалпы жылына 20 мың туристке қызмет көрсетеміз. Шетелдіктерді көбіне үлкен Орталық мешіт, «Бәйтерек» монументі, ұлттық музей, «Нұрлы жол» вокзалындағы музейге бару қызықтырады, - дейді «Astana Tourizm» ЖШС өкілі Рауан Ахметов.

        19 қыркүйекте форум Астананың Орталық саябағында «Туризм – әркімнің ісі» тұжырымдамасы аясындағы қалалық мерекемен жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жүгіру жарысы, гастрономиялық фестиваль, спорттық және отбасылық іс-шаралар, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.

Райхан Рахметова