Елордада қоғамдық аумақтардың ластануының алдын алу, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру қағидаларын бұзудың жолын кесуге бағытталған профилактикалық және рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында Сарыарқа ауданы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Тархан Закарин мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Спикердің айтуынша, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалау – басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта қоғамдық орындардың ластануын болдырмау, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру қағидаларын бұзудың жолын кесу бойынша тұрақты түрде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Әсіресе саябақтарға, гүлзарларға, жаппай демалыс орындарына және өзге де қоғамдық кеңістіктерге ерекше көңіл бөлінеді.
Профилактикалық жұмыстармен қатар экологиялық заңнама мен абаттандыру қағидаларын бұзғандарға қатысты жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты қамтамасыз етіледі.
«Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау жүйелері, бейнеталдау құралдары, Жедел басқару орталығының материалдары, Astana Smart Innovations жүйесінің мүмкіндіктері, азаматтардың өтініштері және ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен жүргізілетін мониторинг пайдаланылады. «Смарт Сарыарқа» жобасы аясында заманауи цифрлық технологиялар қоқысты заңсыз төгу, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуы және абаттандыру нысандарының бүліну фактілерін жедел анықтауға мүмкіндік береді. Жоба іске қосылғалы бері 600-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды, – деді спикер.
Оның айтуынша, ауданда күн сайын мобильді топтар жұмыс істеп, профилактикалық іс-шаралар өткізіп, абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылайды.
Жұмыстардың нәтижесінде 3 500-ге жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған. Сонымен қатар заңсыз қоқыс үйінділеріне қарсы күрес жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 16 ірі заңсыз қоқыс үйіндісі жойылып, олардан 16 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Олардың қайта пайда болуына жол бермеу үшін тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі және тұрғындармен кездесулер арқылы жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары маңызды рөл ойнайды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, азаматтардың абаттандыру мәселелеріне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға және экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.
«Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру қоғамның белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Мемлекет, бизнес, қоғамдық ұйымдар және әрбір азамат бірлесіп әрекет еткенде ғана елді мекендердің тазалығын сақтап, қолайлы қоршаған ортаны қалыптастырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға болады, – деп қорытындылады прокуратура өкілі.