Елордада адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда

Елордада адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 11-13 жастағы қыз балаларды жоспарлы иммундау жүргізілсе, биылдан бастап 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді қамтитын қосымша вакцинация науқаны басталды. Мамандардың айтуынша, АПВ-ға қарсы екпе жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді тәсілдерінің бірі саналады және оның қауіпсіздігі халықаралық ғылыми зерттеулермен дәлелденген. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Астана қаласы әкімдігінің №13 қалалық емханасы директоры, акушер-гинеколог дәрігер, профессор Жанерке Ажетова  баяндады,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикерлердің айтуынша, Астанада 2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі аясында 11-13 жастағы қыз балаларды АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» вакцинасымен жоспарлы вакцинациялау жүргізілуде. Бүгінгі таңда 17 567 қыз бала АПВ-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасын, 10 652 қыз бала екінші дозасын алған. Сонымен қатар 2026 жылғы 18 мамырдан бастап 14-18 жас аралығындағы қыз балаларға арналған қосымша жоспарлы вакцинация науқаны басталған. Қазіргі уақытта 708 қыз бала бірінші дозамен, 52 қыз бала екінші дозамен егілген.

-АПВ жатыр мойны обырының негізгі себебі болып табылады. Қазақстанда бұл ауру әйелдер арасындағы онкологиялық сырқаттанушылық құрылымында екінші орында тұр. Елімізде жыл сайын шамамен 1 800 жаңа жағдай тіркеледі, 600-ден астам әйел осы аурудан қайтыс болады. Астана қаласында 2023 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен 834 әйел диспансерлік есепте тұрған. Жыл сайын елордада 120-дан астам жаңа жағдай анықталады, - дейді  Айгүл Шағалтаева. 

Брифингте «Гардасил» вакцинасының құрамында тірі вирус жоқ екені ерекше атап өтілді. Сондықтан вакцина ауру жұқтыруға себеп болмайды. Вакцина адам папилломасы вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Оның ішінде 16 және 18 жоғары онкогендік типтері жатыр мойны обыры жағдайларының басым көпшілігіне себеп болады. Мамандар екпеден кейін инъекция салынған жерде қызару немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін екенін, бұл қалыпты иммундық жауап екенін түсіндірді.

Спикерлер әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпаратқа да тоқталды. Қазақстандық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ресми деректеріне сәйкес, 2013-2015 жылдары жүргізілген пилоттық вакцинация бағдарламасына қатысқан 131 әйелдің кейінгі 10 жыл ішінде бір немесе екі дені сау бала дүниеге әкелгені тіркелген. Осыған байланысты мамандар АПВ-ға қарсы вакцина бедеулікке әкелмейтінін, керісінше әйелдердің репродуктивтік денсаулығын онкологиялық аурулардан қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинацияны жатыр мойны обырының алдын алудың ең тиімді әдісі ретінде ұсынады. Қазіргі уақытта вакцина әлемнің 135-тен астам елінің ұлттық иммундау бағдарламасына енгізілген. АҚШ, Австралия және бірқатар басқа мемлекеттерде вакцинация қыз балалармен қатар ұл балаларға да жүргізіледі. Қазақстанда вакцинация 11 жастағы қыз балаларға екі дозалық схема бойынша тегін жүргізіледі және бұл халықаралық ұсынымдарға толық сәйкес келеді.

Брифинг барысында Қазақстанда тоғыз валентті «Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Бұл вакцина АПВ-ның 9 типінен қорғайды және қорғаныс ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта АПВ-ға қарсы вакцинация бағдарламасына ұл балаларды енгізу мәселесі де қарастырылуда. Спикерлер ата-аналарды қыз балаларды уақтылы вакцинациялауға шақырды. Олардың айтуынша, вакцинация вируспен алғаш кездескенге дейін ағзада иммунитет қалыптастырып, жатыр мойны обырының даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Толық ақпарат алу және тегін вакцина салдыру үшін азаматтар өздері тіркелген емханаға немесе мектептің медициналық пунктіне жүгіне алады.