Елорда қауіпсіздігін 240 мыңнан астам бейнекамера қамтамасыз етеді

Елорда қауіпсіздігін 240 мыңнан астам бейнекамера қамтамасыз етеді
фото: видеоскрин

Астанада қалалық бейнебақылау жүйесін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бейнекамералар «Елді мекендерді бейнебақылау жүйелерімен жаппай қамту» жобасы аясында Астана қаласы әкімдігі мен Полиция департаментінің бірлескен жұмысы нәтижесінде орнатылуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде елорданың түрлі аудандарында 240 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Оның 63 мыңнан астамы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Мұнда тәулік бойы қаланың ахуалына мониторинг жүргізіледі.

Бейнебақылау жүйесін пайдалану полиция қызметкерлеріне оқиғалардың мән-жайын дер кезінде анықтауға, құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдардың орналасқан жерін белгілеуге және заңға қайшы әрекеттерді тіркеуге мүмкіндік береді.

Бейнекамералар қалалық инфрақұрылымның түрлі нысандарын қамтиды. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістерінен бастап сауда орталықтары, қоғамдық орындар, көлік нысандары, мектептер және мемлекеттік мекемелерге дейін орнатылған. Сонымен қатар қолданыстағы бейнебақылау жүйелері туралы ақпарат тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Оқиға болған сәтте ақпарат алу мүмкіндігіне ерекше мән беріледі. Жедел басқару орталығына қосылған камералар кезекші қызметтерге қаладағы жағдайды бақылауға, қажет болған жағдайда полиция жасақтарын оқиға орнына жедел бағыттауға мүмкіндік береді.

19 ч.