Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кәсіпкерлердің қатысуымен кезекті абаттандыру және көгалдандыру іс-шарасы өтті. Бұл жолы елордалық кәсіпкер өз нысанына іргелес аумаққа ағаш көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлес қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Акцияның негізгі мақсаты — кәсіпкерлерді өз нысандарының айналасын таза әрі көрікті ұстауға ынталандыру, экологиялық жауапкершілікті арттыру және елорданы абаттандыру ісіне жұмылдыру.
Іс-шара Жеңіс көшесінде орналасқан грузин мейрамханасының маңында өтті. Акция барысында кәсіпкерге нысанға іргелес аумақты күтіп-ұстауға арналған маусымдық түбіртек-парақ табысталды. Онда аумақты уақтылы тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, тазалық пен тәртіпті сақтау жөніндегі негізгі ұсынымдар қамтылған.

Кәсіпкер Исадин Азаматов «Таза Қазақстан» бастамасын қолдайтынын айтып, өзге кәсіп иелерін де қаланың көркеюіне үлес қосуға шақырды.
«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында мейрамханамыздың айналасын абаттандырып, ағаш көшеттерін отырғызып жатырмыз. Қала әкімдігі тарапынан іргелес аумақты таза әрі көрікті ұстау жөнінде ұсынымдар берілді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Барша кәсіпкерлерді қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз», — деді ол.
Астана қаласының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Шухрат Жораевтың айтуынша, қаланың келбетін жақсартуда бизнес өкілдерінің белсенділігі маңызды.

«Бүгінде кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытып қана қоймай, қаланы абаттандыруға да белсенді атсалысуы маңызды. Күзгі ағаш отырғызу маусымы енді басталды. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясында іргелес аумақтарды көгалдандыру және кәсіпкерлерді экологиялық бастамаларға тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», — деді Шухрат Жораев.
Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлердің қалалық ортаға деген жауапкершілігін арттырып, елорданың таза, жасыл әрі жайлы қала ретінде дамуына ықпал етеді.