Елге қамқорлық жасау өмір салтына айналуы керек

Елге қамқорлық жасау өмір салтына айналуы керек
фото: жеке мұрағатынан

«Таза Қазақстан» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі әрі Әділетті Қазақстанның идеологиялық тіректерінің бірі. Президент елімізді абаттандыру мен көгалдандыру бір реттік науқан болып қалмай, жалпыұлттық міндетке айналуы тиіс екенін атап өтті. Қазақстанға қамқорлық жасау өмір салтына айналуы керек.

Бүгінде бұл бастама сенбілік өткізумен ғана шектелмейді. 2026 жылы «Таза Қазақстан» аясында еліміз бойынша 613 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған шамамен 7,1 млн адам, оның ішінде 805 мың волонтер қатысты. 135 мың гектарға жуық аумақ тазартылып, 995 мың тоннадан астам қалдық жиналды.

Мен үшін «Таза Қазақстанның» басты мәні – жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруында. Таза аула, абаттанған көше, табиғатқа ұқыпты қарау, қоғамдық кеңістікке құрмет – мұның барлығы әр адамның өзінен басталады.

Мемлекет басшысының бастамасы да осыны көздейді: елге деген қамқорлықты бір реттік акция емес, азаматтардың күнделікті өмір салтына айналдыру.

Бүгін біз ағаш отырғыздық. Ендігі міндет – оларды күтіп-баптап, сақтап, келер ұрпаққа таза әрі жасыл Қазақстанды аманат ету.

Дания Еспаева,

Құрылтай депутаты