Өнеркәсіпті дамытудың негізгі бағыттарының бірі – машина жасау. Астанада жергіліктендіру деңгейі жоғары және технологиялық тұрғыдан күрделі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін заманауи өндірістік база қалыптасып келеді. Соның жарқын мысалы – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриялық паркі аумағында орналасқан Alstom компаниясының Электровоз құрастыру зауыты. Бұл – елорданың индустриялық аймағында жүзеге асырылған ірі өндірістік жобалардың бірі. Осы зауытқа елордалық БАҚ өкілдері үшін пресс-тур ұйымдастырылды.

Зауыт Астанада 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Өндірістік алаңының аумағы – 35 мың шаршы метр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 электровоз секциясына дейін жетеді. Мұнда КЗ8А жүк электровоздары мен КЗ4АТ жолаушылар электровоздары, сондай-ақ борттық трансформаторлар мен тартқыш конвертерлер шығарылады. Бүгінге дейін зауыт Қазақстан мен өңірлік нарықтар үшін 450-ден астам электровоз өндірді. Журналистерге зауыттың 6 цехы бірінен соң бірі көрсетіліп, әрқайсысының міндеттері мен қызметі таныстырылды.

-Қазіргі таңда біз ҚТЖ-ға жүк және жолаушылар тасымалдайтын электровоздарды шығарамыз. Alstom компаниясының 100 пайыз еншісіндеміз. Соның арқасында экспорттық әлеуетімізді көтеріп, локомотивтің кузовы, транформаторлар, басқа да бөлшектерді шетелге шығаруға жұмыс істеліп жатыр. Зауытта 750-ден астам, сервистік бөлімшеде 600-ден астам адам жұмыс істейді. 2018-2022 жылдары Әзірбайжанға 40 электровоз, биыл Францияға 10 кузовты жөнелттік. Жылдың соңына дейін трансформаторларды экспорттаймыз. Бұл зауыт технологиялық жағынан алдыңғы орында, ТМД көлеміндегі бірегей кәсіпорын, әлем бойынша ТОП-3 үздік мекеменің қатарына енеді. Мұнда локомотивтердің бесінші буыны шығарылады. Отандық өнімдер бойынша 240-тан астам қазақстандық кәсіпорындармен бірге ынтымақтастықта жұмыс істейміз, - дейді зауыттың жоба директоры Бейбіт Ибраев.

Оның айтуынша, биыл зауытта ішкі сұраныс үшін, яғни ҚТЖ тапсырысына сай 33 жүк және 13 жолаушылар электровоз локомотивін шығару жоспарланған. 2025 жылы Астанада Alstom компаниясының өңірлік хабы ашылды. Оның қызметі теміржол қозғалысын басқарудың заманауи цифрлық жүйелерін жергіліктендіруге, теміржол желісінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Компанияның елордадағы тағы бір ірі жобасы – Техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу орталығы. Оның құрылысы 2025 жылдың мамырында басталды. 2027 жылы құрылыс аяқталғаннан кейін орталық жүк және жолаушылар локомотивтеріне жоспарлы техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етіп, озық сервистік технологияларды дамыту алаңына айналады. Мұндай кәсіпорындардың дамуы өнеркәсіп өндірісінің өсуіне ғана емес, елордада жоғары технологиялық құзыреттердің қалыптасуына, кадрлық әлеуеттің артуына және өндірістік кооперацияның кеңеюіне де ықпал етеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының сарапшысы Арсен Базаровтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда әртүрлі жылжымалы құрамды өндіру бойынша толыққанды теміржол кластері қалыптасқан және кең өндірістік инфрақұрылым қалыптасқан деп айтуға болады.
-Елде теміржол бойынша ауыр өнеркәсіп саласында 8,5 мыңға жуық адам жұмыс істейтін 60-тан астам кәсіпорын бар. Олар Wabtec, Alstom және Stadler сияқты әлемдік көшбасшылармен серіктестікте заманауи локомотивтер, вагондар мен компоненттер шығарады. Бұл өнім жоғары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. Бүгінгі таңда біздің отандық өнімдеріміз жақын және алыс шет елдерге сәтті экспортталуда. Биыл қаңтар-мамыр айларында ішкі нарық көлемі теңгелік мәнде 52,3% ұлғайды, бұл қолданыстағы теміржол паркі тозуының жоғары деңгейіне және оны ауқымды жаңартудың объективті қажеттілігіне байланысты. Альстом - теміржол машиналарын жасаудағы әлемдегі ең ірі ойыншылардың бірі. Қазақстан үшін инвестор ретінде халықаралық компанияның болуы ғана емес, сонымен қатар ел аумағында өндірістік құзыреттерді құру да маңызды. ЭҚЗ сияқты кәсіпорындарды дамыту Қазақстанда локомотивтер мен вагондар өндіруден бастап компоненттер шығаруға, сервистік қызмет көрсетуге және жөндеуге дейінгі теміржол саласы машинасын жасаудың толыққанды тізбегін қалыптастыру міндетіне сәйкес келеді. ЭҚЗ экспорттық тәжірибесі Қазақстанның теміржол техникасын тұтынушы ғана емес, сонымен қатар оны шетелдік нарықтар үшін өндіру алаңы ретінде де әрекет ете алатынын көрсетеді. Министрлік тарапынан біздің міндетіміз - халықаралық қатысудың өз айналасында отандық өнеркәсіптік экожүйені біртіндеп құруға ықпал ету, өнеркәсіптік өндірісті дамыту үшін жағдай жасау және өз құзыреті шегінде тиісті мемлекеттік және инвестициялық міндеттердің орындалуын бақылау, - дейді ол.
Елордада өндірістік сектор жүйелі түрде дамып келеді, яғни жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары кеңейтілуде, заманауи технологиялар енгізіліп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сонымен қатар қаланың экспорттық әлеуеті артып, өнеркәсіп саласына инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасалуда. 2026 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Астанада өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,57 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға өсті. Негізгі үлес өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Бұл сала елордадағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің 95%-дан астамын қамтамасыз етеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2,42 трлн теңгеге жетті.

Өнеркәсіптің дамуы елорданың экспорттық әлеуетінің артуына да серпін беруде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2,05 млрд АҚШ долларын құрап, шамамен 28%-ға өсті. Елорда кәсіпорындарының өнімдері Қытайға, Иранға, Түркияға және ТМД елдеріне экспортталады. Экспортталатын тауарлар қатарында локомотивтер мен электровоздар, жабдықтар, азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары және отандық өндірістің басқа да өнімдері бар.
