Экологиялық акцияға 150 мыңға жуық елордалық қатысты

Экологиялық акцияға 150 мыңға жуық елордалық қатысты
фото: Астана қаласының әкімдігі

 Астанада Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day-ге орайластырылған ауқымды жалпы қалалық экологиялық акция өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Экологиялық акцияға 150 мыңға жуық қала тұрғыны қатысты. Бастамаға елорданың белсенді тұрғындары, кәсіпорындар мен коммуналдық қызметтердің мамандары, шағын және орта бизнес, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ПИК пен МИБ өкілдері, сондай-ақ жастар, студенттер мен волонтерлер қатысты.

Елорда тұрғындарымен қатар акцияға 5,1 мың кәсіпорын мен ұйым жұмылдырылып, 4 мыңға жуық бизнес нысаны қамтылды. Экологиялық бастамаға 5 мыңға жуық оқушы мен педагогтің басын қосқан 124 білім беру нысаны да қатысты. Сонымен қатар іс-шараға банк саласының мыңнан астам өкілі қатысты.

Акцияның негізгі бағыттарының бірі елорданы көгалдандыру болды. Қала бойынша барлығы 6 мыңнан астам көшет отырғызылды. Олардың арасында тал, үйеңкі, жөке және басқа да ағаш түрлері бар.

Көгалдандыру жұмысы EXPO аумағында, Президент саябағында, «Мыңжылдық» және Green Line аллеяларында, Ұлы Дала және Қабанбай батыр даңғылдарының бойында, Кенесары көшесінде, сондай-ақ қаланың басқа да қоғамдық кеңістіктерінде жүргізілді.

Экологиялық акция аясында қатысушылар аулаларды, саябақтар мен гүлзарларды, қоғамдық орындарды, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардың маңындағы аумақтарды қоқыстан тазартты. Іс-шара қорытындысы бойынша 1,5 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды.

Жалпы қалалық акция Астананың барлық ауданында жалғасып жатқан «Таза Қазақстан» күзгі экологиялық айлығының бір бөлігі болды.